заң

Бүгінгі күні қазақстандық сот жүйесі мемлекеттік биліктің мықты бір тармағы ретінде қоғамнан өз орнын тапты. Заман талабына сай қолға алынған реформалар үшінші биліктің келбетін мүлде өзгертті. Адам құқықтарын қорғау мен заңның үстемдігін қамтамасыз етуді меже етіп белгілеген құрылымның заңнамалық базасы да сапаға толық жауап береді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық атқару және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстері осы құқықтық құжаттарды сапалық жақтан толықтырған маңызды заңнамалар болды.

Бұл кодекстердің қоғамдағы құқықтық сауаттылықты көтеріп, орта қауіпсіздігін сақтау үшін құқықбұзушылықтармен күресудің нысандары мен тәсілдерін жетілдіруге бағытталғаны белгілі. Азаматтардың конституциялық құқықтарын толық қамтамасыз етіп, қауіпсіздігін қорғауға бағытталған кодекстер бүгінде халықтың сенімін нығайтып, сот жұмысын жетілдіруге, құқықбұзушылық деректерінің азаюына ықпалын тигізіп отыр. Мұны шетелдерден келіп қазақстандық Фемида қызметкерлерінің жұмысымен танысқан әріптестер де мойындап, жоғары баға беруде. Мәселен, соттарды белгілі бір салаға мамандандыру, жасөспірімдер, экономикалық және әкімшілік соттар жұмысының жолға қойылуы, тергеу судьясының тараптар көңілінен шығуы, сот процестеріне жаңа технологияның енгізлуі отындық сот жүйесін жаңа сатыға көтерді. Мұндай көрсеткіштер отандық сот жұмысында үлкен өзгеріс, ілгерілеу барын дәлелдейді.

2015 жылдан бері қолданысқа түскен Қылмыстық, Қылмыстық процесстік, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстер жазаны ізгілендіру, нөлдік төзімділікті қалыптастыру идеяларының қалыпқа сай жұмыс істеуіне ықпал етті. Қылмыстық сот өндірісі жүйесін жаңғыртуға және оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған заңнамалардың үмітті ақтағанын ортақ тәжірибе көрсетіп отыр. Әсіресе, осы кодекстердің қолданысқа енуімен қылмыстық жазаға тартудың екі буынды жүйесі қолданысқа түсті десек қателеспейміз. Бұрын қылмыс пен қылмыстық әрекет жалпы ортақ түсінікпен айқындалған болса, енді қылмыс және қылмыстық теріс қылық термндерінің енгізілуі құқықбұзуғыға қолданылатын жазаның мейлінше әділ тағайындалуына түрткі болды. Бұл жүйе бізден бөлек Германия, Испания, Австрия, Голландия, Норвегия, Чехия сияқты құқықтық саласын бір жүйеге келтірген елдерде тиімді жүзеге асып келеді. Озық елдер тәжірибесін қолданудан ұтылмайтынымызды осы жағдайдан да бағамдауға болатындай. Заңның тетіктері толық жасалғандықтан, қолданысқа енген төрт кодекс те қолданушылар көңілінен шықты.

Ал, биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын кезекті жолдауында ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендірген жөн. Әкімшілік айыппұлдар әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәйкес болуға тиіс. Кәсіпкерлік саласында құқық бұзғаны үшін салынатын санкцияны төмендету жұмысын одан әрі жүргізе беру керек. Қоғамға қауіптілігі жоғары емес экономикалық қылмыс құрамын криминалдық сипаттан арылту керек. Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажет. Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою маңызды» деп алдағы күнге қадау-қадау тапсырма жүктеді.

Әкімшілік айыппұлдардың жоғары екенін, оны көпшіліктің қалтасы көтере алмайтынын, мұның бәрі сот шешімдерінің орындалмай орта жолда қалуына әсер етіп жатқанын жиі естиміз. Халықтың жанын ауыртқан мәселеге Елбасының үн қосып, түйткілді түбегейлі шешуге, оны реттеудің заңдық тетіктерін табуға пәрмен беруі құптарлық. Қазіргі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай заңнамаларға қандай өзгерістер енгізген дұрыс, қай баптарды қылмыссыздандырған орынды, айыппұлдарды төлетудің тікелей жолдаы бар ма? Осы сұрақтардың барлығы сот құрылымдарында барынша жан-жақты талқылануда. Көпшіліктің көп талқылауынан өткен ұсыныстар алдағы уақытта қолданысқа енетін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасынан көрініс табары анық.

Әділет министрлігінің мүдделі мемлекеттік орган қызметкерлері және «Атамекен» палатасымен біріге отырып дайындап жатқан заң жобасында айыппұл көлемі азайтылғанымен, әкімшілік құқық бұзушылықтың саны көбейгенін байқауға болады. Айталық, бұрын заң бұзушылық саналмаған әрекеттер енді заңға қарсы әрекет ретінде танылады. Өзгеріске сай, әкімшілік айыппұл сомасын 30 пайызға дейін азайту ұсынылуда. Сондай-ақ, жобада әкімшілік құқық бұзушылықтың 150-ден аса құрамы бойынша айыппұл санкциясының мөлшерін азайту, ескерту түріндегі әкімшілік жазаны көздейтін бапты көбейту, жеңілдететін мән-жай анықталғанда сотқа, органға лауазымды және заңды тұлғаға салынатын әкімшілік айыппұлды 30 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік беретін нормаларды қолдануға кең жол ашу көзделген. Ал, заңның сапалы дайындалып, сот шешімдерінің дер кезінде орындалуы сот құрылымының да беделін нығайтатыны күмәнсіз.

Маңғыстау облысының

кәмелетке жасы толмағандардың

істері жөніндегі мамандандырылған

ауданаралық сотының судьясы Ж.Т. Жусупова