Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нүркен Домбаевты ресми қабылдады, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Қ.Жұмашев спортшыға 300 мың, бапкері Берік Жұмағалиевке 200 мың теңгелік сыйақы табыстап, облыс спортының даму қарқынына көңілі толатындығын жеткізді.

«Биыл Маңғыстау облысының 15 спортшысы әлем біріншіліктерінде жеңімпаз атанды, ал әр спорт түрінен ұлттық құрамаларға 600-ден астам спортшы кірген. Бұл жақсы көрсеткіш. Бүгін самбодан Нүркен Домбаев әлем чемпионатынан жүлде алып отыр. Жеңісімен құттықтаймыз», — деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ Қ.Жұмашев облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.а Қанат Жұмабаевқа облыс спортын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегеріне құрмет көрсетілді

«Бұл жарақатым бұрыннан бар еді, жартылай финалда оны асқындырып алдым. Сондықтан бұл жолы тек күмісті місе тұттым. Былтыр әлем чемпионатында қола медальға ие болған едім. Енді Ашхабадта өтетітін келесі әлем чемпионатында жоғарғы көрсеткіш көрсетемін деп ойламын», — дейді Н.Домбаев.

«Бұл күміс бізге алтынмен тең. Себебі бұл салмақта үш әлем чемпионы күш сынасты», — дейді бапкері Б.Жұмағалиев.

Бапкердің айтуынша, маңғыстаулық самбошылар келесі жылы ақпанда Қазақстан чемпионатында, кейін Минскте өтетін Белорусь Республикасы президентінің халықаралық турнирінде, Мәскеуде “А.А.Харлампиев мемориалы” атты әлем кубогінде қатысады.

Айта кетейік, әлем біріншілігі Оңтүстік Кореяның Чхонджу қаласында өтті. Оған әлемнің 80 елінен 500-ден астам самбошы қатысты. Қазақстан құрамасы 4 күміс, 5 қола жүлдені қанжығасына байлады.

Арай ЖАУПЕРОВА

Суреттерді «Жас батыр» спорт мектебі ұсынды