Ақтау қалалық әкімдігінде қалалық тұрғын-үй комуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев пен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жетібай Құбашев 2019 жылдың 9 айы бойынша қорытындысы бойынша журналистермен брифинг өткізді.

Қ.Ақыбаев келтірген мәліметке сүйенсек, қаланың әр тұрғыны жылына шамамен 300 кг тұрмыстық қатты қалдықтар шығарады екен. Оның ішінде 75% тамақ қалдықтары, шыны, қағаз бен картон. Биыл тазалықты қамтамасыз ету жұмысына «Тазалық» МКК-мен 439 миллион теңгеге келісім-шарт жасақталды. Қоқыс қабылдау полигонына ай сайын 2400 м3 жуық қоқыс шығарылады. Қала аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтардың 85% «Каспий Оперейтинг» ЖШС тазалайды. Алайда, тұрғындардың өздері тұратын қаланың тазалығы үшін жауапсыздығы, пәтерлерін жөндеуден өткізгеннен кейінгі құрылыс материалдары қалдықтарын контейнерлердің маңына үйіп тастауы жұмысты қиындатып, қаланың көркін де бұзып тұратынын жасырып қайтеміз. Сонымен қатар қалада қоқыс жинайтын 11 мекеме бар. Олардың көпшілігі заңды тұлғалармен жұмыс жасайды.

Биыл жаңа жылдық безендіруге 37 миллион теңге қарастырылған. Оны «Керуен Фараб Трейд» ЖШС 21053 900,0 теңгеге ұтып алды. Ал өткен жылы бұл мақсатқа қаражат бөлінбепті. Сатып алынатын жаңа шырша қаланың көрнекті ғимараттарының бірі—Ассамблея үйінің алдында, ал ескі екі шырша қалалық әкімдік алдында және теңіз жағасында орнатылмақ.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ақтаудың жолаушылар тасымалдау автобустарын жаңарту жұмыстары жоспарланып жатқанын жеткізді. 2020 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда жасалған, заманауй үлгідегі 18 автобус алынбақ. Бұл жаңа қоғамдық көліктер №2 және №3 бағыттары бойынша қатынайды.

Бүгінде Ақтау қаласында қоғамдық көліктердегі жол жүру ақысы 50 теңге. Ж.Құбашевтың айтуынша, бұл республика бойынша ең төменгі көрсеткіш.

— Алдағы жылы жаңа автобустар сатып алынғаннан кейін жол ақысын 80 теңгеге көтеру мәселелерін қарастырамыз, — деді ол. — Бірақ жол ақысын көтерместен бұрын бұл мәселеге байланысты қоғамдық тыңдау өткізіп, қоғамдық кеңеске және мәслихатқа ұсынылады. Жол ақысы қолдау тапқан жағдайда ғана көтеріледі. Ақтау қаласы бойынша жолаушыларды тұрақты тасымалдау қызметі бәсекелестік ортада. Қаланың жаңа шағынаудандарын қамтитын жаңа қоғамдық көліктерді іске қосу мақсатында бірнеше рет конкурс жарияланған болатын, алайда ешқандай тасымалдаушы мекемелер қатыспағандықтан конкурс өтпеді деп танылды. Сондықтан тасымалдаушы мекемелерге мемлекет қолдау көрсетіп, жеңілдетілген несиемен жаңа автобус алуға көмек көрсетеді. Бүгінгі күні Ақтау қаласында қоғамдық көліктерде жолаушылар 12 категория бойынша тегін жүреді. Олар:

  1. Ұлы Отан соғысы ардагерлері және мүгедектері;
  2. Тыл ардагерлері;
  3. Мүгедектер (1-топ, 2-топ);
  4. 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;
  5. Бала жастан 1-ші және 2-ші топ мүгедектер;
  6. Ұлы Отан соғысында қайтыс болған ардагерлердің жесірлері;
  7. Чернобль атом станциясы апатының мүгедектері;
  8. «Алтын алқа» және «Күміс алқа»-мен марапаталған батыр аналар;
  9. Ақтау қаласының құрметті азаматтары;
  10. 7 жасқа дейінгі балаларға тегін;
  11. 7 жас пен 15 жас аралығындағы балаларға 50% жеңілдік;
  12. Көп балалы аналар.

Ақтау қаласы бойынша жалпы саны 70-ке жуық автобус қызмет атқарады. Олардың 20-ға жуығы «Дэу», «Хуюндай» ал қалғандары «Паз» автобустары. Сонымен қатар Ақтау қаласына Мұнайлы ауданынан №105 маршрут Ақтау-Маңғышлақ, №103 маршрут Ақтау-Қызылтөбе, Ақтау-Қызыл төбе-2, Ақтау-Батыр, Ақтау-Баянды, Ақшұқыр ауылынан 70-ке тарта автобус қатынайды. Олардың да басым бөлігі «Паз» автобустары.

Брифингке арнайы қатысқан Ақтаудың тасымалдаушы мекемелерінің бірінің басшысы Н.Айғарақов жолақы 50 теңгеге көтерілген соң көп ұзамай АҚШ долларының құны да тез шарықтай өсіп кеткендіктен автобустарды күтіп ұстау, жалақы төлеу сияқты толып жатқан шығындардың да ақысы артып кеткенін алға тартты. Автобустарға қажетті қосалқы бөлшектердің де бағасы аспандап кеткендіктен қазіргі жол ақысымен тасымалдаушы мекемелер банкротқа ұшырағалы тұр. Сондай-ақ қоғамдық көліктерге тегін мінетін азаматтар да шығынға ұшыратуда. Мысалы, көп балалы аналар қалада аз емес. Олар үшін мемлекеттен бөлінетін қаржы бір адамның белгілі бір жерге бару және келуі үшін, яғни, екі жағына ғана есептелген. Алайда мұндай жеңілдікті пайдаланатындар автобусқа бір күнде бір емес, бірнеше рет мініп-түсіп жүретіні жасырын емес. Бұлар мекемеге қып-қызыл шығын әкеледі. Ал соғыс ардагерлері мен мүгедектерінің, тыл ардагерлері мен соғыста қайтыс болған ардагерлер жесірлерінің автобусқа мінетіндері бар ма? Міне, осы секілді күрмеуі күрделі мәселелер таяуда түбегейлі қарастырылып, шешімін табу міндеті алда тұр.

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

АлдыңғыАқшымыраулық атбегі
КелесіСерікбай Трұмов Терджан Танселмен кездесті
Валентина Қозыбақова
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін, халықаралық телестудия мектебін бітірген. Түрікменстанда қазақ тілінде шығып тұрған «Жұмысшы» газетінде тілші, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, Маңғыстау облыстық телеарнасында радио-тележурналист, республикалық «Қазақстан Заман» газетінің Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газетінің тілшісі.