Бір оқиғаның куәсі болдық. Көрдік те таңқалдық. Мына қарбалас қоғамда әркім өз қара басын қамдау үшін жүретіні белгілі ғой. Сол үшін жанталасып, пендешілікпен араздасып жүрген жандарды да көз шалып қалады, кейде. Бірақ кешегі оқиға бұрынғыдан өзгерек. Берген сабағы да тым бөлек.

Ақтау көшелерінің бірінде мүгедек арбасын мінген жалғызбасты ер адам жүрген еді. Екі аяғынан бірдей айырылған тұрғынның жанында жанашыр жақыны жоқ. Жағдайы да мәз емес. Тіпті мінген арбасы ескіргеннен сынуға сәл қалған.

Осыны алыстан байқаған екі азамат жалғызбасты тұрғынға жәрдем беруге асықты. Бір күннің ішінде жаңа мүгедек арбасын алып келіп, әлгі кісіні баппен жайғастырды. Сенесіз бе, дәл көшенің қақ ортасында. Сән-салтанатсыз.

Қас-қағым сәтте болған қайырымдылықты біз де жариялауға асықтық. Кім және қандай шара екенін сұрағанда ешқандай ерікті топтың қатарында жоғын айтты.

«Бұл кісіні біз де танымаймыз. Көшеден өтіп бара жатқанымызда көріп қалдық, кейін арбасының сынық екенін байқадық. Осылайша жаңа мүгедек арбасын сыйға бердік. Өзімен әңгімелескенімізде ауған соғысына қатысып, екі аяғынан айырылғанын айтты. Денсаулығы да сыр береді екен. Алла жолында жүргендіктен жақсылық жасауға әрдайым дайынбыз. Барша мұсылман қауымын жақсылық жасауға шақырамыз», — дейді олар.

Біз куә болған қайырымдылық (ФОТО, ВИДЕО)

«Оң қолым бергенді, сол қолым білмесін» деген қағиданы ұстанатын жігіттер есімдерін айтудан бас тартты. Бар айтары – жалғыздықтан жаны жараланып, отбасынан жырақта жүрген, нағыз көмекті қажет ететін жандарға үкімет, жергілікті билік және маңғыстаулық тұрғындар тарапы қол ұшын созса екен.

Жүрегі мейірімге толы азаматтардың арамызда жүргені қуантады. Жүрекке жылу сыйлап, мұң шалған жүзге күлкі үйірген маңғыстаулық тұрғындардың бұл ісі көпке үлгі болатынына сенімдіміз.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН