Сурет сайт архивінен

Елімізде қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бір бағыты – электрондық сауда. Жаңа технологиялар қарыштап дамыған дәуірде электрондық сауда ел экономикасының қозғаушы күшіне айнала алады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік басқармасының қолдауымен ақтаулық кәсіпкерлерге арналған электронды сауда жасау бойынша семинар және Экспорт мектебі курсы өтті.

Интернет-бизнес – қаржы мен уақыт үнемдеудің таптырмас мүмкіндігі әрі жаңа жолы. Өз кәсібін ашуды көздеген кәсіпкерлер осы салаға қаржы салуды құп көреді. Бірақ     қазақстандық сауда-саттықтың 1,2 пайызы ғана онлайн бизнеске тиесілі екен. Басқаша айтқанда қазақстандық E-commerce нарығының көлемі 106,9 млрд. теңгені құрайды.

Семинар жұмысында «1С-Битрикс» компаниясының мамандары тыңдаушыларға интернет кеңістігінде дүкен ашу мен оның жұмысын алға жылжыту тәсілдері туралы айтып, 2019 жылдың трендті тақырыптарымен бөлісті. Экспорт мектебіне қатысушылар семинар барысында дүкен ашу үшін тіркелу, өз парақшаларын рәсімдеуді үйреніп, ebay. com, etsy.com, alibaba.com, aliexpress. com, jd.com. сынды әлемдік интернет алаңдарында тауар сатудың қыр-сырымен танысты. Семинар-тренинг Қазақстандағы электронды сауданы дамытып, маңызын жоғарылату мақсатында ұйымдастырылған. Мамандар тренинг барысында интернет сауда алаңына шығып жүрген және жоспарға алған кәсіпкерлерге онлайн сауданың мән-маңызы туралы жан-жақты түсіндіріп өтті.

Маңғыстау облысында интернет-дүкендер саны көп емес, сондықтан аймақтағы кәсіпкерлер үшін өз интернет-дүкендерін құрып, дамытуға айқын мүмкіндіктер бар. Семинарда қолөнермен айналысатын кәсіпкер әйелдер үлкен қызығушылық білдірді. Олар өз қолдарымен жасалған туындыларын дүкендер мен базарларда сатумен айналысады. Енді өз тауарларын интернет алаңдары арқылы сатылымға шығармақ ниетте.

Осы орайда өңірдегі «Қазпошта» бөлімшесі де кәсіпкерлерге өз көмектерін береді. Бұл ретте Е-сommerce орталығын ерекше атап кете аламыз. «Қазпошта» АҚ Е-сommerce бойынша атқарушы директоры Бек Кәрімбекұлы Арпабаев электронды сауда-саттық саласындағы кәсіпкерлерге жасалар жағдай туралы айтып өтті.

«Е-сommerce орталығы – «Қазпошта» және оның серіктестері электрондық сауда саласындағы шағын және орта бизнес өкілдеріне төлем құралдарды, логистиканы және интернет-дүкендерді құру сияқты қызметтерді көрсететін алаң. Мұнда интернет-дүкендерді ашу, қызмет көрсету, CRM, маркетинг, салықтық жеңілдіктер бар. Аталған Е-сommerce орталығында KBT Group серіктес компаниясы өз байланыс орталығын (20 қызметкер) орналастырады. Бұл жерде клиенттерге қоңырау шалу сияқты интернет-дүкендерге қызметтерді көрсететін, тауарлар, төлемдер, қайтарымдар, жеткізу және т.б. жөнінде кеңестер беретін аутсорсингтік сату бөлімдері бар», – дейді Б.Арпабаев.

Сонымен қатар төлем құралдарын, логистиканы және интернет-дүкендерді құру, яғни ашу, техникалық қызмет көрсету, CRM, маркетинг, салықтық жеңілдіктер бойынша кеңестер беретін серіктес компания кәсіпкерлерге сервистік онлайн сатуды жүргізуді және интернет-дүкендерді құруды үйрету бойынша қызметтерді ұсынады.

Бұдан бөлек, пошта және курьерлік (EMS express) жеткізу, ірі габаритті пошта жөнелтілімдерін жеткізу, фулфилмент (интернет-дүкендерге арналған логистика) қызметі сияқты «Қазпоштаның» барлық пошта қызметтері бойынша, сондай-ақ PayPost эквайринг (интернет-дүкен сайтында және төлемдерді қабылдау үшін шешім) сияқты қаржы қызметтері бойынша кеңес беретін «Қазпошта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының сату бөлімінің өкілдері толықтай мәлемет бере алады. Негізгі міндет электронды саудамен айналысатын серіктестерді іске шақыру, осы арқылы электронды сауда нарығын алға шығару. Бұл орталықта электронды саудамен айналысқысы келетін кәсіпкерге барлық жағдай жасалған. Қазақстандағы Е-коммерцияның дамуы деңгейі де жыл санап артуда. Статистикалық мәліметтер бойынша, елімізде 10 млн. адам интернетті пайдаланады екен. 2017 жылы ҚР электрондық сауда нарығының көлемі 106,9 миллиард теңгені құраған. Яғни ол бөлшектік тауар айналымы көлемінің 1,2 пайызын құрады. Ал 2018 жылдың 5 айындағы электрондық сауда нарығының көлемі 101 миллиард теңгені немесе бөлшек тауар айналымының жалпы көлемінің 2,9  пайызын көрсеткен. Онлайн-сауда саласында satu.kz‎, технодом, kaspi.kz, flip.kz, AliExpress сияқты ірі интернет алаңдарының елімізде ауқымы арта түсуде.

Электронды коммерцияның әлеуеті күн санап артып келеді, тіпті оның географиялық шектеуі жоқ десек те болады. Бүгінде тұтынушылар қолма қол ақша төлеуден гөрі банк карталары немесе интернет арқылы төлем жасауды құп көреді. Бұл өз кезегінде әрбір адамға қолайлы әрі қауіпсіз болып отыр.

Электрондық сауда жасаудың өзіндік ерекшеліктері көп. Мәселен, интернет арқылы тауар алып, сауда жасауда уақытты анағұрлым үнемдеуге, салықтық жеңілдіктерге, қауіпсіздікке, кэшбэк және әрбір теңгеңізге дейінгі нақты есеп жүргізу мүмкіндігіне ие боласыз. Осындай артықшылықтары бар электронды сауда саласының ел экономикасының үлкен бөлігіне айналатын күн де алыс емес.

Е-сommerce орталығының білікті мамандары кәсіпкерлерді өз қызметтерімен таныстырып, тереңдетілген кеңес алуға шақырды. Олардың ішінде интернетте жарнамалау, маркетинг, тауарды жеткізу бойынша фулфилмент, CRM жүйесі бойынша мамандар қатысты. Спикерлер интернет маркетингке салыстырмалы талдау жасап, негізгі ұғымдарымен таныстырды. Сондай-ақ интернетте тауарларды сату қызметі бойынша, тиімді online сату құралдарымен таныстырып, таргеттік жарнамаларының қыр-сырын ашып, болашақ серіктестеріне пайдалы кеңестер берді.

Еске сала кетсек, 2018 жылғы 20 ақпанда Е-commerce орталығы базасында «Өз қазақстандық Амазоныңды құрғың келе ме?» тақырыбында семинар өтіп, оған 140-тан астам шағын және орта бизнес өкілдері қатысқан еді.Бүгінде Е-commerce орталығында 40 ірі және шағын интернет дүкендерге қызмет көрсетіледі. Олардағы тауарлық салымы бар жөнелтілімдердің жалпы көлемі 200 мыңнан астам дананы құрайды. E-commerce орталықтарында кәсіпкерлік сауаттылықты арттыру үшін дайын интернет-дүкен ашу бойынша 1000 қызмет көрсетіліп, 150 интернет-дүкен ашылмақ. E-commerce орталықтарының базасында АҚШ-тағы Amazon, Қытайдағы Alibaba және басқа жаһандық интернет-алаңдарда тауар сату үшін кәсіпкерлерді дағдылар мен процесстерге оқыту бойынша Экспорт мектебі ұйымдастырылады. Бұл өз кезегінде 5 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілерін оқытуға және жыл сайын 1,8 млн. дана тауар экспорттауға мүмкіндік береді.

Ал Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2022 жылға қарай интернет-дүкен санын 22 мыңға, онлайн тапсырыстар санын 83 миллионға дейін арттыру, электронды сауда және онымен байланысты салаларда қосымша 200 мың жұмыс орнын құру жоспарланған.

Жайық НАҒЫМАШ