Абай

Қазақтың ұлы ақыны Абайдың өлеңдерін жатқа айту эстафетасы ел арасында кең таралды. Эстафета 31 мамыр күні басталған, бұл «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып жүрген Шынар Шәкен есімді журналистің бастамасы болатын.

«Челленджі бастаудағы мақсатым – әлеуметтік желінің әлеуетін пайдалана отырып, қоғамда ұлы Абайды дәріптеу. Оның шығармаларын заманауи тұрғыда насихаттау болатын. Эстафетаны бастағанда танымал адамдар, журналистер, блогерлер мен вайнерлер бірден қолдап, жастар белсенділік танытты», — дейді Шынар Шәкен өз жазбасында.

Ол 9 жасар Ләйлім-Шыраққа ақын шығармашылығын оқудан эстафета жолдаған еді.

2,5 жастан бері Абай өлеңдерін жаттап жүрген Ләйлім-Шырақ 68 өлеңді жатқа біледі екен.

«Әуелде бір суық мұз— ақыл зерек,

Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.

Тоқтаулылық, талапты шыдамдылық, —

Бұл қайраттан шығады, білсең керек.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек», — деп басталатын ақын өлеңін мәнерлеп оқып, эстафетаны ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, әнші Сәкен Майғазиевке және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа жолдаған.

Ал 10 шілде күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев 9 жасар қыздан эстафетаны ең бірінші болып қабыл алған.

«Кішкентай балдырған қызымыз – Ләйлім-Шырақ Абайдың 175 жылдығына орай Ұлы ақынның өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын маған жолдаған екен. Мен бұл бастаманы зор қуанышпен қабылдадым», — деді ол.

«Абай мұрасы – біздің қастерлі қазынамыз!» — деп ақын өлеңдерін оқу эстафетасын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдаған.

Ал Димаш Құдайберген эстафетаны Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге, РФ-ның халық әртісі Игорь Крутойға және барша тыңдарманына жолдаған болатын.

Димаш жолдаған эстафетаны Ресей Федерациясының халық әртісі Игорь Крутой зор құрметпен қабыл алып, біртуар ақынның шығармашылығын оқыды. Сондай-ақ ол Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетовке кезекті эстафетаны табыстады.

Сонымен қатар Димаштың 73 жастағы италиялық тыңдарманы Диана «Әсемпаз болма әрнеге» атты ақын өлеңін қазақша айтты.

Әлеуметтік желіде #Abai175 хештегімен жарияланған 500-ден аса бейнежазба бар. Онда еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін дара ақынның шығармашылығын оқыған.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА