Қазақстан КВН

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Абай атындағы мәдениет сарайында Маңғыстау облысы әкімінің кубогы үшін республикалық жайдарман ойыны өтті. Көңілді тапқырлар клубының ойынын «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті, республикалық «Жайдарман» әзілкештер мен тапқырлар сайысының жүргізушісі Есен Елеукен жүргізді.

Әкім кубогы үшін жарысқа түскен, елдің түкпір-түкпірінен жиналған 8 топ — көрермен көзайымына айналып үлгерген құрамалар. Республикалық «Жайдарман» ойынында өнер көрсетіп, халықтың жүрегін баураған олар енді Ақтау көрермендерін ұтымды әзілдерімен күлкіге көму мақсатында келді.

Жайдарманшылар уытты әзілдерімен жастардың жанын жадыратуда алдына жан салмай ойнады. Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Орал және Атырау облысынан келген топтар Маңғыстау сахнасында өнерлерін паш етті. Киелі жердің қасиетті сахнасында өнер көрсету – зор құрмет екенін атап өткен олар Ақтау қаласының ерекшеліктері, ұқсастықтарын тілге тиек етіп, әдемі әзілдер сыйлады. Көрермен көкейінде жүрген өзекті мәселелерді қозғап, қазіргі қоғамда орын алған келеңсіздіктерді әзіл-қалжыңмен жеткізіп, халық көңілін көтерді. XV-XVI ғасыр кезіндегі хан мен уәзірдің қарым-қатынасы, қазақтың той-томалақтары, салт-дәстүрі, ауылдың тұрмыс-тіршілігі, қыздардың қылықтары, бәрі-бәрі көңілді кеште күлкілі қырынан көрініс тапты. Және еліміздің ұлық мейрамы – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы тақырыбы көтеріліп, салмақты қалжыңдар көрермен жүрегіне жол тапты. Қатысушылар сөзге шеберлігімен қатар, әсем әнімен, қызықты биімен де есте қалды.

Кеш соңында әділқазылардың шешімі бойынша бәйгеге тігілген бас жүлде — Маңғыстау облысы әкімінің кубогын қызылордалық топ «Қызылорда облысы әкімінің құрамасы» жеңіп алып, 250 мың теңгені қанжығасына байлады. Екінші орынды атыраулық «Сағыз» құрамасы иеленіп, 150 мың теңгеге қол жеткізді, ал үшінші орын мен 100 мың теңге жүлде оралдық «Грант Орал» құрамасына бұйырды. «Үздік ойыншы» аталымында бейнеулік «Боранқұл» құрамасының мүшесі Нұрбол Сағидуллин жеңімпаз атанып, 50 мың теңге ұтып алды. Барлық ойыншыларға алғыс хаттар табысталды.

Ханым ҚУАТ