ақша жалақы теңге

Маңғыстауда медицина қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өсті. Ол үшін бюджеттен 1 млрд 880 млн теңге бөлінген. Соның 228 миллионы маусым айының жалақысына жұмсалған. Бұл туралы брифингте МӘМС Қоры Маңғыстау филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов мәлімдеді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

«Жыл басынан бері тарифтерді екі рет көтердік. Бірі медицина саласындағы жалақысы төмен мамандардың айлығы көтерілді. Ал екінші кезеңде медицина ұйымдарындағы барлық қызметкерлердің жалақысы өсті», — дейді Бақыт Торғайбайұлы.

Бұдан бөлек, биыл Маңғыстауға 117 медицина қызметкері келеді деп жоспарланып отыр. 2019 жылдың 6 ай қорытындысы мен емдеу сауықтыру мекемелерінің ақпараты бойынша Маңғыстау облысына 250-ге жуық дәрігер мамандары қажет. Қалалық жерге 127 дәрігер, ауылдық жерге 123 дәрігер жетіспейді екен.

«Мұнайлы орталық аудандық ауруханасына 18, Түпқараған орталық аудандық ауруханасына 4 маман жетіспейді. 2 маман Маңғыстау орталық аудандық ауруханаға, 7 дәрігер Қарақиядағы орталық ауруханаға керек. Ал Жетібай ауылдық аурухана 9 дәрігерді, Бейнеу орталық аудандық аурухана 13 дәрігерді қажет етіп отыр. Боранқұл ауылдық ауруханаға 1 маман, Жаңаөзен қаласына 69 маман керек», — дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары.

Айтуынша, өңірге жалпы тәжірибелі дәрігерлер, кардиологтар, нейрохирургтар, акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, неонатологтар, онкологтар, клиникалық фармакологтар, инфекционистер, сәулелі диагностикалық дәрігерлер, физиотерапевттер, психиаторлар (наркологтар), офтольмологтар, отоларингологтар жетіспейді.

Осы проблемаларды жою мақсатында емдеу сауықтыру мекеме басшылары 2019 жылы 7 жоғары оқу орындарының бос орын жәрмеңкесіне барып, 84 жас маманмен шарт жасақтасып келді.