емхана

2020 жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері бойынша медициналық көмек көрсетіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мемлекеттік әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының Маңғыстау облысы бойынша филиалының басшысы Бақыт Исмаханбетов айтты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Кепілдендірілген тегін көмек (ТМККК) пакеті шеңберіне дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация қызметі кіреді. Сондай-ақ тұрғындар аталған пакет арқылы бірқатар созылмалы ауруларды динамикалық бақылап, шұғыл жағдайда стационарда емделе алады. Бұл қызметтерді сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамай барлығы пайдалана алады.

Сонымен қатар мемлекет тарапынан кепілдік берілген көмек бойынша тұрғындар әлеуметтік маңызы бар ауруларды осы пакет негізінде тегін емдетеді.

Ал медициналық оңалту қызметін тек туберкулезге шалдыққандар ғана пайдалана алады. Зәру азаматтарға тегістей паллиативтік көмек көрсетіледі. Негізгі жұқпалы емес аурулар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін жұқпалы аурулар да осы тәртіп бойынша емделеді.

ТМККК пакеті азаматтардың бәріне, бюджет есебінен тегін. Сондықтан да бұл кепілдендірілген стандарт болмақ.

Көмектің екінші деңгейі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетіне бағасы қымбат операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдау қызметтері кіреді. Бұл МӘМС пакетін сақтандырылғандар пайдалана алады.

«МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді. Сондай-ақ, кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыратын көмек пен жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС пакеті шеңберінде көрсетіледі», — деп түсіндірді Бақыт Торғайбайұлы.