Медициналық көмектің тарифі 2021 жылдан бастап өзгереді. Тариф қалыптастыру барысында амортизациялық шығындар ескеріледі, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Былтыр медициналық сақтандыру қоры тарифтерді жетілдіру жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ қор тарифтерін көтеріп, аймақтар арасындағы тариф алшақтығын жоюды ұсынған болатын.

«Медициналық қызметтердің нарықтағы бағасы мен мемлекеттік тарификаторды салыстырсақ, тариф қалыптастыру тәсілдерінің арасындағы алшақтықты байқадық. Мысалы кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде бүйрекке жасалатын УДЗ үшін 804 теңге төленеді. Ал мемлекеттік медицина ұйымдарында УДЗ ақылы түрде жасату үшін орта есеппен 2 230 теңге төлеу қажет.

Шешуді қажет ететін мәселенің бірі – профилактикалық қызметтерді дамыту саласы. Бұл қызметтер емханалар мен дәрігерлік амбулаторияларда көрсетіледі. Ең алдымен осы блоктағы тарифтерді көтереміз. Себебі профилактиканың мәні зор,- деді МӘМС қоры филиалының басшысы Бақыт Исмаханбетов.

Айтуынша, қаржының өсуі сатып алынатын қызмет түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде денсаулық сақтау саласында жағымды өзгерістер орын алады. «Ақша көбейеді, тариф өсед. Тариф жоғары болған соң мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшынатын клиникалар саны артады. Жаңа клиникалар ашуға ынталы болады. Клиника көп болса, пациент үшін күрес те күшейеді, бәсекелестік болса, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы да жоғарылайды. Сондықтан МӘМС жүйесі денсаулық сақтау саласына, әрбір пациентке осындай мүмкіндіктер береді», — дейді ол.

Суретті Өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынды