нұр сұңқар

Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Nur Otan» партиясының журналистер арасындағы «Nur Suńqar» дәстүрлі байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, — деп хабарлайды  mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Атап айтқанда, биыл байқау оныншы рет өткізілуде. Бүгінгі таңда байқау еліміздегі медиа саласының қызметкерлерін ынталандыруға бағытталған беделді іс-шараларының біріне айналды.

«Жаңа технологиялар дамып келеді, сұраныс өзгеруде. Көп адамдар әлеметтік желіден ақпарат алады. Кез келген адамда өз пікірін, ойын әлеуметтік желі арқылы халыққа жеткізу мүмкіндігі бар.  Дегенмен, кәсіби журналистердің маңызды рөлі халық үшін өте қажет», — деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек марапаттау рәсімінде.

Оның сөзіне қарағанда, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов төрағалық еткен комиссия мүшелері БАҚ өкілдері арасынан жеңімпаздарды анықтады.

«Оңай болған жоқ, мыңнан астам өтінім келіп түсті. Үздіктерді анықтау үшін  комиссия мүшелері объективті әрі ашық түрде шешім қабылдады», — деді Б. Байбек.

Сонымен қатар, бүгінгі салтанатты шарада БАҚ өкілдерін құттықтауға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев арнайы келді.

«Бүгінгі маңызды оқиғамен барлықтарыңызды құттықтаймын. «Nur Suńqar» сыйлығы медиа-ландшафты өзгертті деп айтуға болады. Бұл тұрғыда оң нәтиже жалғасын табады деп сенемін. Үздіктер лайықты марапаттарға қол жеткізе берсін», — деді министр.

Биылғы өткен байқау нәтижесі негізінде жеңімпаздар 10 аталым бойынша анықталды. Сонымен, «Nur Suńqar-2019» байқауының жеңімпаздары мыналар:

«Халық дауысы» аталымында үздік телевизиялық журналист болып «Қазақстан» РТРК «Апта» бағдарламасының редактор-сарапшысы Айбек Қобдабай;

«Көзқарас» аталымында үздік телевизиялық журналист болып «Хабар24» телеарнасының шығарушы редакторы Жұрағат Баман;

«Сөз зергері» аталымында үздік газет журналисі болып «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Ғабит Мүсіреп;

«Сөз шебері» аталымында үздік газет журналисі болып «Литер» республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Талғат Исенов;

«Медиа-профи» аталымында үздік интернет басылым журналисі болып Bnews.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Ақмарал Олжабаева;

«Жас серпіліс» аталымы бойынша үздік жас журналист ретінде «Хабар» телеарнасы» АҚ сараптамалық бағдарламалар бөлімінің тілшілері Сәкен Махаметкерімов пен Назымгүл Күміспаева танылды.

Сонымен қатар, «Елбасы салған сара жол» аталымында Елбасы қызметін ең жақсы көрсеткен жарияланым үшін марапатын «Казахстанская правда» газетінің арнайы тілшісі Игорь Прохоров иеленді.

«Майталман» аталымында отандық журналистикаға сіңірген еңбегі үшін сыйлығы «Жетісу» телеарнасының қызметкері Нұртілеу Иманғалиұлына берілді.

Мұнымен қоса, «Партиялық жобалар жайлы жарық көрген ең жақсы жарияланым үшін» аталымының сыйлығы «Астана TV» телеарнасының ақпараттық-сарапталамалық бағдарламалар қызметінің арнайы тілшісі Екатерина Брынюк пен «Айқын» газетінің шолушысы Гүлжан Рахмановаға табысталды.

«Рухани жаңғыру» Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын ілгерілетуге қосқан үлесі тағайындалған сыйлық «Астана Телеарнасы» ЖШС-ның атқарушы продюсері Базаркүл Отыншиева мен «Абай» журналының тілшісі Айгүл Кемелбаеваға берілді.