Таушықтағы Шахта орта мектебі – Әбіш Кекілбайұлының алғаш білім алған алтын ордасы. Әбіш мұнда мектеп табалдырығын аттағанымен, ары қарайғы 8-сыныпқа дейінгі білімді Үштаған мектебінің қабырғасында жүріп алып, одан соңғы орта мектептегі білім сапарын қайтара Шахта мектебінен тәмамдаған. «Жұрт Оксфорд пен Кембриджді табысты аяқтағандарына қандай масаттанса», Әбіш «Шахта орта мектебін бітіргеніне сондай масаттанған» екен. Сол кездердегі бүгінге дейін аңызға арқау болған ұлы ұстаздардың алдын көруді мақтаныш көрген шәкіртке тарихи білім ордасының бергені көп болғаны сөзсіз ақиқат. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ «Лениншіл жас» арқылы зиялы қауым арасында қоғамдық пікір тудырған бозбаланың кереқарыс жазық маңдайында әдебиет пен әлеумет алдындағы даңғыл жолдың алғашқы соқпақтарының сызықтары көріне бастағанға ұқсайды. Бұл жайлы абыздың өзі: «Сегізінші класта оқып жүргенде бір қазақ жазушысы мен бір орыс жазушысының екі кітабын қатар оқып қалыппын. Сөйтсем, екеуі бір-бірінің көшірмесі екен. Тоғызыншы класта оқитын Сәбит Абдулин дейтін әдебиетқұмар бала екеуміз әлгі ұрлықты айтып мақала жаздық. Ол әдеби қауымды біраз дүрліктіріпті. Бірақ, мен баспасөзде одан бұрын жарияландым. Бесінші класта жүргенде аудандық газетте «Екпінді» егін екпей ме?» деген мақалам шықты. Ол колхоз басқармасында талқыланды. Мәжіліске өзім қатыстым. Басқарма мүшелері: «Кекілбаев жолдастың мақаласында көрсетілген кемшіліктерді түгел мойындап, оны жоюдың шараларын қабылдады». Содан дәндедім бе, аудандық газетті місе тұтпай, орысша, қазақша қысқа хабарлар жазып, облыстық газеттердің бетін бермейтінді шығардым», — дейді.

Шахта мектебі – Әбіш үшін қасиетті шаңырақ. Шахта мектебі үшін де Әбіш қадірлі азамат, құрметті тұлға. Жәй қыдыртпа қызыл сөз үшін айтып отырғанымыз емес, тарихи білім ордасы үшін Әбіш расымен де, құйма құлақ шәкірт, ұстаздарынан оза шапқан шәкірт. Өзіне қарай иілген күнбағыс саналы бозбаланың миы мен жүрегінде мәңгілік орнығып қаларлық білім нәрін құйған мектеп биыл 80 жылдығын тойлауда. Әбіш сынды шәкіртінің 80 жас мерейтойымен қоса қабат келіп жатқан мерейлі мереке өз бастауын жағымды жаңалықпен бастады. Қазанның сегізінші жұлдызында мектепте «Әбіштану» кабинеті ашылды. Маңғыстау мектептеріндегі «Әбіштану» кабинеттерінің жалпы саны елуге жуық. Алайда, бұл кабинеттің ашылуының артықшылығы, жоғарыда баса айтып кеткеніміздей Әбіш білім алған мектепте ашылуымен құнды.

Мектеп қабырғасындағы оқушы үшін Әбішті тану қажет-ақ. Олай болса, «Әбіштану» кабинеттерін көптеп ашудың еш әбестігі жоқ. Өйткені, Әбішті тану – маңғыстаулықтарды тану, қала берді қазақты тану. Тереңдете айтқанда, ұлтымыздың психологиясын, философиясын, тіл құдіреті мен болмысын тануға апаратын алғашқы үлкен баспалдақ осы болуы керек. Біз солай ойлаймыз.

Еділбек ДҮЙСЕН