Өткен аптада өңірдің басты баспасөз орталығы – «Маңғыстау-Медиа» ЖШС-і директоры Айсұлу Дүтбаева бастаған топ Қарақия ауданына келді. Жалпы мерзімдік басылымдар және ауданның бірден-бір басылымы – «Қарақия» газетінің бүгінгі жай-күйімен таныса келіп, аудан басшысы Қыдырберді Бековтің қабылдауында болды.

Онда газет таралымын көтеру, жергілікті басылымға қолдау көрсету жөніндегі ұсыныстарын жеткізсе, аудан басшысы бұл бағыттағы жаңалықтарымен бөлісіп, қолдан келгенше қолдау білдіретіндігін айтты. Аудандық «Қарақия» газетінің редакторы Шынар Кендін кездесу барысында аудандық газеттің бүгінгі жағдайын айтып, мәселелерді ортаға салды. Баспасөз әлеміне бұрын да қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкер Ш.Ермекбаев өзінің Құрық ауылының бірінші мектебінде оқығандығын айта келіп, оқып, білім алған алтын ұя мектебіне деген шәкірттік құрметі ретінде 50 адамды аудандық «Қарақия» газетіне бір жылға тегін жаздыртуға демеушілік ететіндігін айтып, кәсіпкерлер қауымына үлгі болды. Кездесу соңында «Маңғыстау-Медиа» ЖШС-і директоры Айсұлу Қабышқызы өңірлік БАҚ-пен әріптестік тығыз байланыс орнатып, аудан басылымына бұған дейін де қолдау көрсетіп жүрген Қыдырберді Әндірұлына алғыс білдірді.

Шынар КЕНДІН