Жуырда Қарақия ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында «Маңғыстау- Медиа» ЖШС-і басшылығы газет оқырмандармен кездесті. Аудан әкімінің орынбасары Ержан Күмісқалиев ашып, жүргізген кездесуге аталған мекеме басшылары, сондай-ақ аудан активі мен газет оқырмандары, баспасөз жанашырлары қатысты.

Жиында әуелгі сөз кезегін алған Айсұлу Қабышқызы бүгінгі таңдағы баспасөз ақпарат құралдарының жалпы жағдайына, газет таралымының төмендеп кетуіне байланысты ой-пікірлерін ортаға салып, бұл тығырықтан шығу үшін әр елдімекенді өз газетінің жанашыры болуға шақырды. Осы орайда халық пен биліктің ортасына алтын көпір болып, газетте, әлеуметтік желіде, тіпті сайттар мен блоктарда белсенділік танытып жүрген аудан газетінің редакторына, жылт еткен жаңалықты жедел жеткізіп, аудан тынысын танытып отырған «Қарақия» газеті ұжымына, сондай-ақ аудан баспасөзін мүмкіндігінше қолдап жүрген аудан басшылығына, әлі де болса аудандық, облыстық газеттерге жазылып жүрген жанды жаңалыққа жаны құмар оқырман қауымға алғысын білдірді. Өңірлік газеттердің тұрақты оқырмандары мен жанашырларын тұрмыстық техникалар мен бағалы сыйлықтармен марапаттады. Бір топ оқырман және баспасөз жанашыры болған ұжымға облыстық «Маңғыстау», «Огни Мангистау», аудандық «Қарақия» газеттеріне бір жылға тегін жазылу сертификатын табыс етті. Оқырмандарды ынталандыра отырып, алдағы уақытта да аудан және облыстық газеттерге тұрақты оқырман болып, ой бөлісіп, ел жаңалығын бірге оқуға шақырды. Жиын соңында ұжым басшысының кеңесшісі Серік Еңсегенов күмбірлі күй ойнаса, ақын Анар Шамшадинова жырдан шашу шашып, оқырмандар көңілін көтерді.

Оқырмандармен кездесуден кейін шығармашылық ұжымның өкілдері геолог-барлаушылар музейін аралады. Сондай-ақ «Шипалы су» шипажайына барып, табиғи әрі емдік суымен, дәрілік саз-балшығымен елге танылып, бүгінде жүздеген тұрғынның алғысына бөленген шипажайдың қызметімен танысып қайтты.

Ардагер геолог Тұрсынғали Көшенұлымен әңгімелесіп, геологтардың қара шаңырағы болған құтты Құрық тарихынан тың деректерге куә болды.

Шынар КЕНДІН