Медициналық сақтандыру қорының жергілікті сарапшылары Түпқараған ауданы орталығы Форт-Шевченко қаласындағы орталық емханада медициналық ұйымдарға оқыту-семинарын жүргізді. Семинар денсаулық саласындағы жаңа реформа – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің енуі жайында болды.

Медициналық сақтандыруды халыққа қызмет көрсетіп отырған дәрігер алдымен түсінуі керек. Дәрігер емделушісіне дұрыс ақпарат бергенде ғана емделуші өзінің сақтандырылуы, қандай ем-дом осы сақтандырылу арқылы жүзеге асатынын біліп, қызметті алады. Сондықтан алдымен ақпараттандырып әрі үйретуді көздеген семинар осыған дейін облыс орталығындағы көптеген медициналық ұйымдарда жүргізілген болатын. Семинар аудандарда орналасқан медициналық ұйымдарға да жүргізілу жоспары бойынша Түпқараған аудандық емханасында жалғасын тапты. Түпқарағандық 20-ға жуық медицина қызметкерлері денсаулық саласындағы 2020 жылы өтетін өзгерістер туралы дәріс алып, дәріс соңында қызметкерлер білім деңгейін тексеру үшін тест тапсырды.

— Дәрігерлер үшін бұл тың жаңалық емес. Емхана қызметкерлерін «Сақтандырылған азаматтарға қандай артықшылықтар беріледі, сақтандырылмаған азаматтар тегін емханаға қарала ала ма?» деген сұрақтар қызықтырды. Шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация, бірқатар созылмалы ауруларды динамикалық бақылау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу – мұны барлық азаматтар, сақтандырылған, сақтандырылмағанына қарамай пайдалана алады. Мемлекет тарапынан кепілдік берілген көмек бойынша барлық азаматтар емханаға қаралып, стационарда жатып, емделе алады, әлеуметтік маңызы бар аурулар да тегін емделеді. Медициналық оңалту қызметін тек туберкулезге шалдыққандар ғана пайдалана алады. Негізгі жұқпалы емес аурулар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін жұқпалы аурулар да тегін емделеді. Яғни кепілдендірілген стандарт азаматтардың бәріне қызмет бюджет есебінен тегін көрсетіледі, — дейді Лаура Қалдығожина, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жергілікті филиалының сарапшысы.

Ал сақтандырылған азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіндегі қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды қызметтерді алады. МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін: МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді.

Форт-Шевченко қаласындағы орталық емханада семинар өтті

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың бізге не қажеті бар? Тұрғындар денсаулыққа жұмсалатын жалпы шығынның 40 пайызын өз қалтасынан төлейді екен. Яғни адамдар өз қалтасынан дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клиникаларға қаралады. Бұл тұрғындардың әлеуметтік тұрмысына едәуір салмақ түсіретіні даусыз. Жаңа реформаның маңызы сол, осы шығындардың белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабуға мүмкіндік береді», — дейді, «МӘМС» қоры жергілікті филиалының бөлім басшысы Айгүл Дәден.

Медициналық сақтандыру қоры мамандары алдағы уақытта өзге де аудандағы емханаларды аралап, семинар жүргізетін болады.

Милана ЕЛЕУСІНОВА