мигрант

Маңғыстау өңіріне көрші мемлекеттерден мыңдаған еңбек мигранттары келіп, жұмыс істейді. Өкінішке қарай оның қатарында мемлекет шекарасынан заңсыз өткен жандар да бар. Табыс көзін іздеп келген олар құқықтары бұзылып жатса да, өзін қорғауға дәрменсіз келеді. Құлдыққа душар болып, ауыр еңбекке жегілсе де, заңға жүгіне алмайды.

Осындай ауыр халге ұшыраған, құқығын қорғай алмайтын жандарға қорған болар орталықтар, мекемелер жұмыс істейді. Соның бірі – «Мейірім» қоғамдық бірлестігі. Бірлестік ағымдағы жылдың ақпанынан бастап желтоқсанға дейін «Аймақтық және жаһандық қауіп-қатерлер тұрғысынан Орталық Азияда адам саудасына қарсы күресті күшейту мен осал мигранттарды қорғау» өңірлік жобасы аясында халық арасында ақпараттық шаралар ұйымдастырып жүр. Аталған жоба Норвегия Королдігінің шетел істері министрлігінің демеушілігімен БҰҰ агенттігі – халықаралық көші-қон ұйымымен іске асырылуда.

Жақында еңбек мигранттарының құқығын қорғау, адам саудасына қарсы күресу сынды маңызды тақырыптарды қозғайтын республикалық, жергілікті сарапшылардың қатысуымен брифинг өтті. Онда «Мейірім» қоғамдық бірлестігінің директоры Александр Муха, БҰҰ көші-қон бойынша агенттігі – Халықаралық көші-қон ұйымының ұлттық үйлестірушісі Аниса Қуанова және облыстық көші-қон қызметтің өкілдері қатысты.

– Біздің өңірлік жоба еліміздің 4 қаласында жүзеге асырылып жатыр: Алматы, Қостанай, Тараз және Ақтау. Осы қалаларда құқықтары тапталған еңбек мигранттарына көмек қолын созып, еліне қайтуға көмектесетінімізді жеткізу үшін ақпараттық насихаттау жұмыстарын жүргізіп жүрміз. Қазақстанда орта есеппен 100-150 адамға тікелей жәрдем көрсеттік. Негізі, бұл сан нақты емес, көрсеткіш одан бірнеше есе көп болуы мүмкін, – деді Аниса Қуанова.

Ал Александр Муханың сөзінше, Маңғыстау облысы – еңбекші мигранттар үшін «тартымды» жер. Өңірге Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан сынды көрші мемлекеттерден заңсыз мигранттар келіп, қомақты ақша жинап алу үшін қандай жұмысқа болса да әзір болады. Еңбек келісім шарттары жасалмай, жағдайы жоқ, ауыр жұмысқа жегіп қойса да, олар бәріне көніп, үнсіз жұмыс жасай беруі ықтимал.

«Заңсыз өткен мигрант – заң бойынша көрінбейтін, жоқ адам. Ондай адамдарды құлдықта ұстау қиын емес. Біз құжаты жоқ жандарға көмегімізді аямай, еліне қайтаруға тырысамыз. Соңғы үш жылдағы көрсеткіштерді келтірсем, 2017 жылы – 24 адамды, 2018 жылы – 18 адамды, 2019 жылы – 9 адамды Отанына оралтуға жәрдем жасадық. Жәрдем дегеніміз – еліне қайтару үшін құжат, билет, киім, тағам. Бізге қаражат жағынан БҰҰ көші-қон агенттігі көмектеседі. Құжат рәсімдеу жағынан облыстық көші-қон қызметімен бірігіп жұмыс істейміз», – деп ақтарыла сөйледі А.Муха.

Маңғыстау облыстық көші-қон қызметінің деректеріне сүйенсек, соңғы 8 айда 87 829 шетел азаматтары уақытша тіркелген. Аймақта 7 946 шетел азаматы (1084-і этникалық қазақтар) тұрақты түрде тұрып жатыр: оның ішінде ТМД елдерінің 7169 азаматы, алыс шетелдің 442 азаматы және азаматтығы жоқ 335 адам. Жыл басынан бері 47 469 шетелдік заңдастырылып, облыс бюджетіне 596 млн. 344 мың 400 теңге түсірген.

Ханым ҚУАТ