Ақтөбеде өткен V паралимпиадалық ойындарда маңғыстаулық спортшылар 33 медальға ие болды. Оның 13-і – алтын, 14-і – күміс және алтауы қола медаль.

Дүбірлі додаға Қазақстанның 800-­ден астам спорт саңла­ғы, оның ішінде 33 маңғыстаулық спортшы қатысты. Жерлестеріміз сайыстың тек алты түрінен – жүзу, отырып ойнайтын волейбол, парадзюдо, үстел теннисі, жеңіл атлетика және пауэрлифтингтен өнер көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, тамыз айында өткен чемпионатта Аян Нау­рызбаев облыс командасының қоржынына бір алтын және бір қола, Эл­лина Байдельдинова үш алтын, Асқар Қуаныш төрт алтын, Сергей Сули­ма бір алтын және бір күміс, Шәмил Читаев бір алтын, екі күміс салды.

Жеңіл атлеттер де құр қайтпады. Ақкүміс Боқаева диск, ядро және найза лақтырудан барлық жүлдеге ие болды. Ал жүгіруден бейнеулік Асхат Юсупов екі алтын, бір қоланы еншілесе, Дэвид Мансуров екі рет күмістен алқа тақты. Мерей Тәжіғұлов найза лақтыру сайысынан екі күміс медальды иеленсе, ал Әлибек Бешанов үш күмісті қанжығасына байлады.

Үстел теннисінен Маңғыстау намысын қорғаған екі спортшыдан тек Мейірбек Өтепов ғана қола жүлдеге ие болды. Пауэрлифтингтен аймақ қоржынында үш алқа бар. Жатып көтеруде Бақыт Құдайбергенов пен Ғани Есентеміров күміс медаль иегерлері атанса, Амангелді Бердәулетов 3­-тұғырдан көрінді. 90 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен парад­зюдошы Асылбек Әлпішов те 3-­орынды місе тұтты. Айта кетейік, бұл спорт түрі биыл Қазақстан паралимпиада ойындарына бірінші рет қосылды.

Ал волейбол құрамасы негізгі құраммен сайыспаса да үздік үштікке енді. Осылайша Маңғыстау облысының паралимпиада құрамасы 33 ме­дальмен 17 команда арасында 12-­орынға ие болды. Жалпы командалық есепте 1-­орынды Қарағанды облысы (40-­20­9), 2-­орынды Алматы қаласы (33-­14­-15), 3-­орынды Алматы облысы (29­-16­-11) иеленді.

Арай ЖАУПЕРОВА