Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасында аймақ әкімі Серікбай Трұмов бизнес өкілдерімен кездесті. Өңірлік кеңес мүшелерімен бас қосуда кәсіпкерлерге қолбайлау болып отырған өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары айтылды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев елді мекендерде      скрининг жүргізу аудан әкімдерінің қатысуымен белсенді жүріп жатқанын баяндады. Сонан соң кәсіпкерлерге жер, ондағы коммуникация жайы көрсетілген ақпаратты жария түрде алуда қиындықтар туындағанын жеткізді. Мұнан бөлек кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру жолын ұсынды. Мамандыққа даярлау саласын да кәсіпкерлер палатасы сенімгерлікпен басқаруға дайын екенін атап өтті. «Облыстағы 16 колледждің жетеуі сенімгерлікпен басқаруға болатындығы жөнінде білім басқармасымен бірлесіп талдау жүргіздік. Бұл мемлекет шығынын үнемдеуге көп көмегін тигізеді», – деді ол.

Осы орайда Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов өңір кәсіпкерлеріне жан- жақты қолдау көрсетілетінін атап кетті.

«Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын қаржыландыру жағын қарастырамыз. Кәсіпкерлер мәселесін бірлесіп шешуге дайынбыз. Колледждерде мамандық дайындауға келер болсақ, жұмыссыздықты азайту жағынан септігін тигізсе, сұранысқа ие мамандарды қайта даярлауға серпін берсе бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Сондықтан да ұсыныстарыңызды қолдаймыз», – деді С.Трұмов.

Жиында облысқа белгілі кәсіпкерлер сөз алып, шешімін таппаған жайттарды ортаға салды. МО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Маңғыстауда қолөнершілер орталығын ашу туралы ұсыныс айтты. Онда бай нақышпен жасалатын қолөнер бұйымдары бір орталықта жасалып, өнімдер саудаға да шығарылмақ. «Облыста киіз үй жабдығын тігетін алдыңғы буыннан 4 қана шебер қалды. Олардың жасы 60-тан асып барады. Көнеден қалған мол мұраны, киіз басу, басқұр, ши тоқу т.б. бұйымдарды жасауды жастарға үйрететін шеберлік мектебі ашылса. Сонда шеберлердің әрқайсысы мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, Маңғыстау мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін ізбасарлар толқыны үзілмес еді», – деп ой тастады.

Кездесу барысында кәсіпкерлер жер, құрылыс, туризм саласын дамыту, әйелдер кәсіпкерлігін жетілдіру, жергілікті өнімді тұтыну сынды маңызды мәселелерді қозғады. Облыс басшысы қашан да өңір дамуы үшін тиімді жобаларды қолдауға дайын екенін атап өтті.

Бұл қолдау облыста қызмет ететін 114 мыңнан аса орта және шағын бизнес саласы өкіліне үлкен серпін береді. Қазіргі уақытта өңірдегі бизнес нысандары 53 мыңға жетіп жығылады. Бұл кәсіпкерлер қатарының өткен жылмен салыстырғанда 9,5%-ға артқанын көрсетеді.

Жайық НАҒЫМАШ