«ҚазАзот» акционерлік қоғамында синтез блогының шекарасындағы сұйық аммиак құбыры жарылды. Бұл апатты жұмыс орындарын әдеттегідей аралап жүрген ауысым бастығы Т.Кенбаев байқап қалды да, дереу апат туралы кәсіпорын диспетчеріне және ОБП ауысым бастығына хабарлады. Сағат 10.30-да «химиялық қауіп» дабылы іске қосылып, рация арқылы бүкіл жұмыскерлерге хабар берілді. Апат орнына өрт сөндірушілер мен апаттан құтқарушылар, жедел жәрдем қызметі тез келіп жетті. Құтқарушылар жапа шеккен аппаратшы А.Мырзатайды алып шығып, оған алғашқы медициналық қызмет көрсетілді.

Көмекке келгендердің шұғыл қимылдауымен әп-сәтте апат жойылып, өндірістегі жұмыс қалпына келтірілді. Бұл жөнінде жауапты қызметкерлер баяндады.

Небәрі 15 минутқа созылған қарбалас сырттан бақылап тұрғандар үшін шынында көңілге қорқыныш ұялататындай еді. Бірақ бұл «Қыс-2019» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында өткізілген жаттығу ғана болатын. Қызметкерлер мен жұмысшылар осындай апат шыққан жағдайға дайын болуын көздеген аталмыш шараға барлығы 85 адам және қатысты. Жаттығуда пайдаланылған 6 дана техниканың біреуі «ҚазАзот» акционерлік қоғамына тиесілі және 40 адам өндірістің жеке құрамынан қатысты. Сондай-ақ «Өрт сөндіруші» АҚ филиалының, «ӨС және АҚЖҚ» ММ-нің  техникалары мен жеке құрамы жұмылдырылды. Ал Ұлттық ұланның жеке құрамынан 25 адам және 1 жедел медициналық жәрдем бригадасы.

Жаттығулар шынайы өтті

Сол күні осындай жаттығу «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ұлттық компаниясында да өтті.

Қараша басталысымен-ақ өңірімізде алғашқы қар түсіп үлгерді. Алдымызда әлі талай аязды күндер күтіп тұр. Қыс мерзімінде теңіз айдынында жүзген кемедегілер де қақаған суықта жұмыс орындарын жылытпай ма? Сондайда өрт шыға қалса, қалай қимылдау керек? Жалаңдаған жалынды ауыздықтауға теңізшілер дайын ба?

Осы жайттарды тексеріп, барша жауапты мамандардың өрт тұтанған жағдайда сақадай-сай болуы үшін құлақ тұндырар дабыл қағылды. Жүк тасымалдайтын «Бұлақ» кемесінің жылыту пешінде ақау болып, кемеден лезде өрт шықты. Өрт сөндірушілер де уақытында жетіп, лаулаған отты өшіре бастағанына қарамастан жалын кеме ішін шарпи берді. Кеменің екінші жағына өткен өртті сөндіру үшін көмекке «Батыр» буксирі де келіп, өртке су шашатын қызметін іске қосты. Сөйтіп, кеме отқа оранбастан тез сөндірілді.

Жаттығулар шынайы өтті

Жаттығу ойдағыдай өткен соң өрт сөндіруге қатысушылар сапқа тұрып, біткен жұмыс жөнінде баяндады. Бұл шараға да Ұлттық ұланның жеке құрамынан 25 адам және 1 техника, апаттар медицинасы орталығынан 4 адам мен 1 техника қатысты. Ал Ақтау портының өзінен 3 техника мен 40 адам осынау жаттығудың шынайы өтуі жолында атсалысты.

Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметінің басшысы Ерлан Мауленов және басқа жауапты қызметкерлер жаттығудың табысты өтуіне қатысқандарға ризашылық білдіріп алғыс айтты.

Валетина ҚОЗЫБАҚОВА

Суреттерді Маңғыстау облысы төтенше
жағдайлар департаменті өрт сөндіру
және апаттан құтқару қызметі ұсынды