Бүгін, 7 қазан күні Түпқараған аудандық сотының төрағасы Нұртуған Тұржанов өз еркімен жұмыстан шықты. Бұл туралы ол өзінің фейсбук парақшасына жариялады, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Ол судьялық қызметінің тоқтағанын айтып, Маңғыстау облысы сот жүйесінде бірге жұмыс істеген әріптестеріне, елге өз алғысын жеткізген.

2017 жылдан бері Түпқараған аудандық сотының төрағасы қызметінде болған Нұртуған Тұржановтың тосыннан айтқан жаңалығы көпті толғандырды. Бірі Тұржановтың қызметті тоқтатуына билік араласқан болар деп топшыласа, енді бірі судьяның өз еркімен жұмыстан шығуын ерлік деп бағалап, шешіміне құрметпен қарауда.

«Бұл менің өз еркіммен қабылдаған шешімім. Жұмыста абыройсыз болдым деп ойламаймын. Бәрінен де «абырой» деген сөзді биік қоямын, соған сай жүруім керек деген ой үнемі жетекші болатын. Маңғыстауға келгелі он бес жыл өтті, содан бері Ақтау қаласының №2 сотының судьясы, Маңғыстау облыстық сотының судьясы қызметтерін атқарып, Түпқараған аудандық сотының төрағасы қызметтеріне тағайындалдым. Прокуратура, Сот қызметтерінің өзіне тән ерешеліктері бар. Мен құқықтану мамандығы бойынша заң институтын бітіргенмін. Алдағы уақытта заңгерлік жұмысымды жалғастырамын», — деді Нұртуған Тұржанов.

Ой еркіндігін қалайтын Нұртуған Прекешұлы әлеуметтік желіде белсенді. Ол бірнеше жылдан бері көкейтесті мәселелерге ашық пікір білдіріп, өз ойын жеткізіп отырады екен. Мүмкін «Желіге жазылған жазбалардың жұмысқа кері әсері тиді ме екен?», — деген көптің екі ойлы сұрағына ол төмендегіше жауап берді.

«Мен негізі ой еркіндігін және қарапайым жолдың сауатты, білімді болуын жақтаймын. Тумыстық мінез, заңгерлік қабілет пен кәсіптің болуы еркін пікір алмасуыма септігін берді. Алайда қызметіме кері әсерін тигізбеді деп толық айта аламын», — деді Н.Тұржанов.

Маңғыстау облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір Түпқараған аудандық сотының төрағасы қызметі бос тұр.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА