қанішер құбыжық

Дабыл қағамыз, шұғыл шара қажет!

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде желі қолданушылары Қарақұдықтағы қанішер құбыжық туралы жан-жақтан шулап жатыр. Әрине, оның бірі рас болса, тағы бірі жалған секілді. Әуелден «Жыңғыл десе қырғын» деуге әуестенген аузы бос жандар ойдан құрастырылған ұшқары әңгімелерді қауға тиген өрт сияқты лапылдатып, оңды-солды ұшыртып, ұшқындатып жатыр. Тіпті кейбірін оқып, тыңдап отырсаң – жаның түршігіп, төбе шашың тік тұрады. Сондықтан осы айтылғандардың анық қанығына көз жеткізіп, оқырмандарға жөн-жосықты дұрыс жеткізу үшін жұмыс күннің соңына қарай Қарақұдыққа тарттық.

Қарақұдық – Қарақия ауданының Бостан ауылы. Жаңаөзен қаласының Қызылсай ауылымен іргелес, тұтасып жатыр. Екі ауылдың тек ресми аумақтық аймағы болмаса, бір-бірінен өзара бөлісіп ажырататын түгі жоқ. Ауыл-аймағы да, түйе-тайлағы да, қатық-қаймағы да әуелден астасып, араласып жатыр.

Бейресми төтенше жағдайды құлағымыз шалғасын жұмыс күні аяқталмай Бостан ауылдық округтік әкімдігіне келдік. Ауыл әкімі еңбек демалысында екен. Ұмытпасам есімі Дәурен болар, әкімдіктің маманы бізге қажетті көмек көрсетуге тырысып бақты. Жан-жаққа телефон шалып, біздің келгенімізді хабарлап жатты. Соның ішінде Әбдірәшит деген ауылдық учаскелік инспекторға да хабарласты. Бірақ өкінішке орай, ол жігіт келіп, бізбен кездескісі келмеген сияқты. Сосын Дәурен ініміз қасымызға қосып берген екі жігітке жол бастатып, ауылды аралап кеттік.

«Белгісіз қонақ» таң алдында келіп, аяқастынан әбігерге түскен үйлердің біріне келдік. Ол үйдің де қожайыны үйінде болмай шықты. Үйбикесімен әңгімелестік. Апайдың көрген-білгенін, айтар сөздерін нақты мысалдармен жүйе-жүйесімен әңгімелегеніне сүйсіндік. Сөйтсек ол кісі өмір бойы ұстаздық етіп, жақында ғана зейнеткерлікке шыққан, осы ауылдың тұрғыны – Бақтыгүл Дауылбаева екен.

Қарақұдықтағы қанішер құбыжық халықтың қорқынышын күшейте түсуде (ВИДЕО)— Бұл хабар ауылымызға тарағалы екі-үш аптаның жүзі болды. «Ана үйдің тауықтарын, мына үйдің ұсақ жандықтарын қырып кетіпті» деген әңгімелерді құлағымыз шалып жүретін. Осындай желдей гуілдеген қауесет сөздер мен әлеуметтік желілердегі өтірікті-шынды әртүрлі алыпқашпа әңгімелер ауыл халқының үрейін одан сайын үдете түсті. Қайсысының ақиқат, қайсысының жалған екендігін аңғара алмай, екіұдай күйде қалдық. Себебі қауесет әңгімелерге қарағанда біреуден екі, біреуден төртеу, тағы біреуден он екі бас жандық кетті деп естіліп жатты. Сабытай деген үлкен кісінің ешкілерін қырып кетіпті деген әңгіме шықты. Одан кейін де осындай әңгімелер көбейе берді. Кімнен көмек күтерін білмей, абдыраған тұрғындар өлген малдарын ұялы телефонға түсіріп, ауылдық әкімдікке апарып, суреттерін көрсетіп хабарлапты. Бірақ олар «Сіздердің малдарыңыз тіркеуде жоқ» деп қайтарыпты. Негізінде бұл құбыжық ертеректе шықты-ау деймін. Өйткені бізбен бірге жұмыс істейтін бір мұғалім келіншек «Кетектегі тауығымның бәрін бірдеңе қырып кетті» деп сонау сәуір айында айтып жүрген болатын.

Осыбір «күтпеген қонақ» кешегі Құрбан айттың үшінші күні, яғни 3 қыркүйек күні таңсәріде ойламаған жерден біздің де үйге келді. Оны бірінші болып байқаған сыртта жатқан отағасым болды. Таңғы сағат 5-тен өткен шамада «Малдарға қырғын тиіп жатыр. Фонарикті әкел» деп отағасы айғайлады. Бірнеше күннен бері бойымды үрей билеп жүргендіктен төсегімнен тұрғым келмеді. Сол екіарада бала-келіндер шырт ұйқыдан оянып, бәрі де үрпиісіп сыртқа шықты. Қорадағы 4-5 лақты ешкі үркіп, бір бұрышқа тығылып тұр екен. Әлгі қорқынышты құбыжық кетектің сымнан тоқылған торын екпінмен бұзып кіріп, екі тауықты өлтіріпті. Мекиеннің еш жерінде қан жоқ, айналаға да шашырамапты, жерге де тамбапты. Тек тамағының астында сұқ саусақ сиятында тесік қалыпты. Қораз да солай жантәсілім етіпті. Ол әрі-бері қанатын сабалап қашқан болуы керек, қауырсындары түсіп қалыпты. Соған қарағанда әлгі жыртқыш аң тек қана қан соратын сияқты.

Ол бір жарым метрлік биіктіктегі шарбақтың қора-қопсы жағынан кіріпті. Отағасының айтуы бойынша әлгі құбыжықтың түсі қоңыр, құйрығы бар көрінеді. Өзі үшеу екен, біреуі үлкен, екеуі кішілеу дейді. Қашқанда қатты екпінмен жұлдыздай ағып барып, шарбақтан секіріп кетіпті. Таң атып, жарық кіргесін өлген тауықтарды да, әлгі жыртқыштардың іздерін де суретке түсіріп алдық. Олар біздің үйден шығып, көшеміздің арғы жағындағы Бегалы Озғанбаев деген ардагердің де шарбағынан түсіп, қорасына кіріп, бағып отырған төрт қойынының қанын ішіп кетіпті.

Қарақұдықтағы қанішер құбыжық халықтың қорқынышын күшейте түсуде (ВИДЕО)Біз Бегалы Озғанбаев ақсақалдың да үйіне бардық. Үш қойы өліп, біреуі шалажансар қорада жатыр. Бәрібір оның да мал болуы қиын сияқты. Себебі бойында қан жоқ. Әлгі белгісіз құбыжық тамағы мен сол жақ қолтығының астынан қанын сорып алыпты. Тек қана сұқ саусақ сиятындай екі тесік қалыпты. Басқа ешқандай тырналған, кесілген, әлде жарақатталған жері көзге көрінбейді. Немесе жоғарыдағы Бақтыгүл апай айтқандай тесіктердің айналасында ешқандай қанның дағы да жоқ. Соған қарағанда әлгі құбыжықтар аса тәжірибелі әрі өте қауіпті болып тұр.

Қасымыздағы жігіттердің айтуына қарағанда әлгі құбыжықтар мысықтарға қырғидай тиіпті. «Қазір ауылда бірде-бір тірі мысық жоқ. Соның салдарынан үйлерде семіз, ірі тышқандар көбейіп бара жатыр. Қақпан құрғанға таусылатын емес. Сосын шағын жаймаларға қалың етіп желім жағып, мысықтың орнына өздеріміз тышқан аулауға кірістік. Аз дегенде күніге оншақты тышқан «қолға түседі». Қазір күнделікті елеусіз мысықтардың қадірі өтіп тұр», – дейді.

Біздің «белгісіз құбыжық» деп отырған себебіміз, ол «құбыжықты» әлі ешкім анықтап көрмеген. Аң ба, мақұлық па, ол арасын ешкім ажырата алмайды. Әйтеуір, көзге көрінбейді, қолға ұстатпайды. Әркім оны әрқалай атап сипаттап жатқан секілді. Біреу қарақұлақ десе, тағы біреу басқаша айтады. Жалпы қарақұлақ деген – жолбарыстың алдында жүретін хабаршысы. Ертедегі естуіміз бойынша оның халыққа зияны жоқ көрінеді. Тек ауылға жолбарыстың жақындап келе жатқанынан хабар беріп, сақтандырады дейтін еді. Ал дәусемен де ауыл-үйлердің маңына жоламайды. Ал мәлін деген – мысықтың үлкен түрі. Ол тауықтың пірі болғанымен, қой жандыққа шамасы келмейтін болар. Әрі ол теспейді, жемтігін қызыл қанға бояп, бауыздап жейді. Сонда бұл не болды? Қазірше белгісіз. Бірақ оның қырып кеткен малдарының бас санын біреу елуден асты десе, екіншілері жетпістің жоғарысын айтады. Өлген малдардың түсін түстеп, бас санын жазып алып отырған тағы ешкім жоқ.

Ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда белгісіз құбыжықтар әуелі мысықтардың көзін құртып алған көрінеді. Иттер қыңсылап, алыстан үргені болмаса, қасына жоламайды дейді. Сосын тауық пен қой, ешкілерге ауыз салыпты. Алыпқашпа әңгімелердің бірінен бір үйдің ботасына да жабысыпты деп естідік. Ауыл адамдары ертеңгі күні қой-ешкілердің де саны сиректесе, мектепте оқитын балаларымыз бен бақшаға баратын бүлдіршіндерімізге бас салса қайтеміз деп үрейленіп отыр. Өйткені жаңағы құбыжықтың ауыл балабақшасының «Іште не бар екен?» дегендей терезесінің алдында секіріп тұрғанын сол жерде жұмыс істейтін бір жігіт көріпті деген де әңгіме бар. Өкінішке орай, біз ол жігітті іздеп таппадық. Бірақ ауыл жігіттері күндіз-түні өздері кезекшілікке тұрып, әлгі құбыжықты іздеп таппай жүр екен. Ауыл сыртынан екі ін тауып, аузына қақпан құрып қойған деседі. Дегенмен ол қандай аңның, әлде қандай мақұлықтың ұясы екендігі де белгісіз.

Иә, шынында да, күндердің бір күні әлгіндей қансорғыш құбыжықтар адамға шапса не болады? Әлде ауылдарының арасындағы шекарасы білінбей, тұтасып кеткен Қызылсай ауылының тұрғындары той-садақаға барып жүріп, жазатайым жазым болса, Бостан ауылының әкімдері «Бұл адам бізде тіркеуде жоқ» деп қол қусырып қарап отыра бере ме? Өйткені Қызылсай ауылының тұрғандары Қарақия ауданының емес, Жаңаөзен қаласының есебінде тұрады.

Қарақұдықтағы қанішер құбыжық халықтың қорқынышын күшейте түсуде (ВИДЕО)Біз қайтарда учаскелік инспекторды жол үстінде кездестірдік. Анығырағы үйінің тұсына келіп, жолда тұрған әріптестеріне шақырттық. Ондағы мақсатымыз ауылда қандай сақтық шараларының жүзеге асырылып жатқанын білу еді. Учаскелік инспектор майор шеніндегі Әбдірәшит деген жігіт екен. Ол жас болса да баяғы советтік секемшіл саясаттан мейірі қанып сусындаған кісіше «Мен ешқандай ақпарат бере алмаймын. Керек болса бастығымнан рұқсат сұрап кел», – деп теріс айналып жүре берді.

Тағы оқыңыздар: Ақтауда жаяу жүру марафоны өтеді

Ал ауыл әкімдігінің де қол қусырып қарап отырмай, неге ауданға, облысқа хабар беріп, көмек сұрамағаны белгісіз. Денсаулық сақтау, тұтынушылардың құқығын қорғау департаменттерінің мамандарын шақыртып, қауіптің алдын алмағанына таң қалып отырмыз. Тіпті өлген малдардың бас санын жазып, тізімдеп отыруға неден жасқанады екен? Ертеңгі күні жұқпалы аурулар пайда болса тағы да қарапайым халық зардап шекпей ме? Қарапайым мысал, анау әлгі үй тышқандарының өзінен-ақ тұмау жұғатыны кезкелген кісіге белгілі емес пе? Сондықтан Бостан ауылының әкімдігі халқын үрей билеп тұрғанда бұйығылықтан арылуы керек сияқты.

Мұратбай ҰЛЫҚПАН