5 тамыз күні басқосу-үйлену тойын тойлауды ұйғарған Мұнайлы ауданы Басқұдық селосының тұрғындары, Каритов Нәжіматдин және Нұржігітова Баянсұлу есімді 2 жас өмірлеріндегі ең бақытты күндерін-үйлену тойын облыстық қариялар үйінде өткізуді ұйғарыпты. 

Жастар өздерінің қуанышты сәтінде қариялар үйінде дастархан жаюды жоспарлаған екен.

Неліктен мұндай шешім қабылдағандары жайлы сауалға екі жас:

-Біз жалғызбасты қариялардың той тойлап, қызық көргенін қаладық себебі олардың көпшілігі өз балаларын үйлендіріп, қызық көрген де емес, көбі соны армандаумен жүреді. Сондықтан біз қарияларды қуантып, олардың ақ батасын алсақ дейміз, — деді өздерінің шешімдері туралы.

Мұндай ерекше үйлену тойын өткізу өзге жастарға да ой салса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Қазіргідей той сәні деп, әр түрлі ұсақ-түйекке, ешбір мән-мағынасыз, жай бір даңғаза мақтаныш, бәсеке үшін, өзгелерден қалыспаймыз деп келеңсіз шараларға босқа қаржы жұмсап, ақшаны далаға шашқанша, осы екі жастың өнегелі қадамынан үлгі алса. Өйткені жоғарыда есімдері аталған екі жастың қабылдаған шешімдері — тағдыр тәлкегімен қарттар үйінде өмірінің соңғы жылдарын жанарлары жасқа толып, терезеден тысқа жәутеңдеп қараумен өткізетін қариялардың ризашылығына бөленіп, ақ батасын алуға ұмтылуы — құптарлық жайт.

Қамкөңіл қарияларды қуантып, шаттыққа бөлеумен жаңа өмірге қадам басқан екі жасқа баянды бақыт, тату-тәтті ұзақ ғұмыр тілей отырып, жас отауларының құт-берекеге толы болып, шаңырағы биік, босағасы берік болуына тілек қосамыз.

Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы