Заманымыздың заңғар жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының туған өлке хақында: «Маңғыстау… Тарих пен та­биғаттың бірге толғанған тамаша дастаны, бірге салған таңғажа­йып суреті, бірге шерт­кен тағылымды шежіресі. Оны таң­данбай көріп, тамсанбай түйсінуің мүм­кін емес», — деген қанатты сөзі бар.

Иә, талай дарабоздар мен жүйріктердің кіндігі кесілген, табаны тиген, өсіп-өнген, қара жерінен орын тепкен қасиетті Маңғыстауға қанша сөз арнасаң да артық емес. Жоғарыдағы ғұлама Әбекеңнің кішкене ғана бір демдегі сөзі туған өлкенің құдыреттілігін ашып көрсетіп тұрғандай.

Киелі Маңғыстаудың тауы мен тасы, сайы мен жусаны ол бір жатқан ежелгі тарих. Уақыт өткен сайын, ұрпақ алмасып, бабалардан қалған асыл мұралары мен жәдігерлерін көздің қарашығындай сақтап, аманат ету бұрыннан келе жатқан Ұлы Даланың ескірмес дәстүрі. Жерінің асты қазынаға, үсті аңызға толы киелі өңірдің тарихи орындарын саусақпен санап жату мүмкін емес-ті.

Таяуда «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Қазақстан мұнайының 120 жылдығы мен Қаламқас кенорнының 40 жылдығына және мұнайгаз кешені қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында Жас мамандар кеңесінің ұйымдастыруымен «Өз өлкеңді таны» атты экспедиция өтті.

Маңғыстауда «Өз өлкеңді таны» экспедициясы өтті (күнделік - 1)

Алдымен экспедиция сапары барысында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры Лю Цзиньчен мен директордың бірінші орынбасары Қалбай Ізмұханов арнайы келіп, жалынды жастарға сәт-сапар тілеп, туған өлкенің тылсым табиғаты мен сырға толы тарихымен терең танысып қайтуға ізгі тілектерін білдірді.

Басшылық құттықтауынан кейін, жастар туған өлкені тану іс-сапарына кірісіп-ақ кетті. Бес автобуспен жол тартқан жас маман мұнайшылар экспедиция барысында Саура – Қапамсай –  Шақпақ Ата  – Кенті Баба  – Сұлтан епе – Ақмыш – Қызылқала – Шерқала – Шетпе бағытын қамтыды.

Маңғыстауда «Өз өлкеңді таны» экспедициясы өтті (күнделік - 1)

Шараға «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» ӨБ, «Қаражанбасмұнай» АҚ-на еншілес мекелерден құралған 63-ке жуық белсенді жас маман қатысты.

Жас мұнайшылар тарихи жерлерді аралау сәтінде ескілікті сәулет өнері ескерткіштерінің бірегейі Шақпақ Ата жер асты мешітіне тоқталды. Шақпақ Ата мешіті Түпқараған ауданы Таушық ауылынан 25 км қашықтықта, Каспий  теңізінің Сарытас-Қошақ шығанағына жақын Оңғазы (Өңеже) тауының етегінде (Шиліқұдық алқабы) орналасқан.

Маңғыстауда «Өз өлкеңді таны» экспедициясы өтті (күнделік - 1)

Жер асты мешіттің батыс жағында Шақпақ атаның атымен аталатын қорым (14 ғ.) бар. Қорымның оңтүстік-батыс жағында ортағасырлық (13 – 17 ғ.) түркімен ескерткіштері – қойтастар, сандықтастар, тас қоршаулар сақталған. Солт. жағында 18 – 19 ғ-ларға жататын қазақ ескерткіштері – сағанатамдар, құлпытастар мен тас қоршаулар орналасқан екен. Мұнда адай тайпасының бірқатар белгілі көрнекті тұлғалары арулап жерленген. Шақпақ Ата қорымында Ержан хазірет Төлегенұлының кесенесі де (20 ғ.) салынған. Жер асты мешіті 1982 жылы республикалық дәрежеде мемлекеттік қорғауға алынған.

(Жалғасы бар)

Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН, Ербол АЙТБАЕВ