көрініс

Мұнайлы ауданы он жылдық белесінде толымды тірліктерімен, табысты еңбектерімен әйгіленіп, тамсанатын өңірге айналды. Күні кеше Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты құнды мақаласы негізінде ынтымағы айрандай ұйыған аудан халқы «Мерейлі мекен – Мұнайлым!» тақырыбында өзінің мерейтойын сән-салтанатымен атап өткенін барша жұрт біледі. Күннен-күнге жаңару мен жасарудың, өркендеудің жарқын жолына түскен мұнайлылықтар еліміздің Тұңғыш Президентінің көрегендік саясатына барынша үн қосып, өркениеттілікке қарай дамудың даңғыл жолына түскенін бүгінде үлкен-кішінің барлығы сезіп те, түйсініп те жүргенін айқын аңғарамыз.

Президенттің мақаласы негізінде атқарылып жатқан ел сүйсінетін тірліктің бірі – көрнекті қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама, философ Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби-танымдық кеш болатын. Ол іс-шара Батыр елді мекеніндегі №10 орта мектебінде өткізілді.

«Мәңгілік өмірге, мәңгілік өнегеге айналған тұлға» тақырыбында өткен шараның басты мақсаты – жаңғыру кезеңінде Әбіш ағамыздың өмірі мен шығармашылығын бүгінгі ұрпағына жете таныстыру. Оның әлемдік және Отандық мәдени мұраларындағы алатын орнын айқындау және кемеңгер қаламгердің мұраларын ғылыми тұрғыда зерттеп жүрген жастарға қолдау көрсету болатын. Сонымен бірге Ә.Кекілбаев шығармаларын насихаттау, оқушылардың ой-танымын кеңейту, олардың бойында өзіндік көзқарастарын қалыптастыру және әдеби тілдік қорын дамыту негізге алынды.

Осыны биік мақсат еткен мектеп директоры Құралай Нұрманов жетекшілік ететін ұжым білім ордасынан Әбіш ағамызға арнап «Кемел елдің кемеңгер қаламгері» атты арнайы оқу-методикасы мол, тәлім-тәрбиесі ұшаң-теңіз саналатын кабинет ашты. Кабинеттің арнайы ашылу рәсіміне ауданымыздың жақсылыққа, жаңалыққа жаны құмар әкімі Нұрлан Тәжібаев пен ұлы тұлға Әбіш ағамыздың перзенті Дәулет Әбішұлы арнайы қатысып, жастарға мол тәрбие беретін кабинеттің лентасын біргелікте қиды.

– Өлкемізге белгілі, жалпы қазақ елі құрметтейтін, қадір тұтатын Сайын аға Назарбекұлының сөзімен айтқанда: «Жасым елуге толған жобада мен ол кісіні Пір тұта бастадым. Енді мен «Менің Пірім – Әбіш» дейтінді жиі айтатын болдым», – дегендей, бүгінгі ұрпақ абыз атамызды пір тұтулары үшін мектебімізде арнайы кабинет ашып отырмыз. Кабинетте абыз атамыздың портреті, өмірі мен шығармашылығына және отабасына арналған бес бөлімнен тұратын стенді, жазушы шығармашылығына арналған қанатты сөздері, 12 томдық шығармалар жинағы мен кітаптары, «Әбіш әлемі» журналы, Қазақ Ұлттық университетінің жазушы өмірі мен шығармашылығына арнаған «Өнегелі өмір» кітабы, «Күй» шығармасының электронды дискілері, отбасылық және іс-сапардағы суреттерінен буклеттер, Ж.Дүйсенбаеваның «Ә.Кекілбаев және заман шындығы» кітабындағы шығармаларына талдауы, аудан мұғалімдері мен мектеп оқушыларының жазушының өмірі мен шығармашылығына арнаған мақалалары мен арнаулары қойылды, – дейді кабинетті таныстырушы, мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Күмісай Хансұлтанқызы Абдыкадырова.

Абыз Әбіш аға атындағы арнайы кабинет ашылғаннан соң көпшілік мектептің акт залындағы әдеби-танымдық кешті тамашалады. Залдағы кеш абыз ағамыз туралы деректі фильммен ашылды. Сахна төрі мәнді де сәнді безендіріліп, көрермен қауымды өзіне баурап алды. Сахнада №8 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Нағашыбай Марикбаев ұлы тұлғаның «Әке» поэмасын жатқа оқып, көрерменді тәнті етті. Ал №1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақкүміс Исберген «Анама» өлеңін мәнерлеп оқыды. №4 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Асылхан Сарғожаева «Құс қанаты» шығармасындағы Ана сөзін нәшіне келтіре орындады. Залға жиналған мектеп басшылары мен ата-аналар, мектеп оқушылары мен қонақтар сахнадағы орындаушылардың шеберліктеріне риза болып, шапалақтарын соғып жатты.

Кеште қалың көрерменге ерекше әсерге бөлеген көрініс ол Әбіш ағаның «Абылай хан» драмалық дастанынан қойылған үзінді болатын. Ауданымыздағы №2 орта мектептің ұжымы қойған сахналық көрініс шынайылығымен ерекшеленді. Талантты ұстаздар мен оқушылардың сахналық шеберлігі көпшілікті тәнті етті. Мұнда мектеп ұстаздары Факия Ермекова мен Гүлжазира Аленованың еңбектері ерекше екенін байқауға әбден болады.

Мұнайлыда Әбіш әлеміне арналған әдеби-танымдық кеш өтті

Мектептегі әдеби-танымдық кештің қадірлі қонағы ақын, сәулетші, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Сайын Назарбекұлы, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі Әбілқайыр Спан және тау тұлғалы Әбіш ағаның ұлы Дәулет Әбішұлының қатысуындағы әдеби кеште №4 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Камила Омар Темірхан Медетбектің «Шыңырау» өлеңін шеберлікпен орындады. Ал №4 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Миргул Худашева аты аңызға айналған ағаға сиясы кеуіп үлгермеген «Арнау» өлеңін оқыды. Жүрек қылын шертетін өлеңдер көпті небір қиялдарға жетелегендей әсерге бөледі.

Тағы оқыңыздар: Тұрманбет батыр хақында

Мектептегі әдеби-танымдық кеште Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев, Сайын Назарбекұлы, Әбілқайыр Спан ағаларымыз және Дәулет Әбішұлы сөзге шығып, тау тұлғалы абыз ағамыз Әбіш жайлы жастарға өнеге берер ұлағаттар жайында сөз қозғап, естеліктер әңгімеледі. Тың деректер келтіріп, алдағы күндері зерттеулерге қажет бағыт-бағдарлар берді. Әбіш әлемінің кеңістігіне енер жалынды жастарға үлкен үміт артатынына сенім білдіргендей әсер қалдырды. Иә, Әбіш аға кеңістігі енді ашылғандай…

Аудандық білім бөлімібасшыларының және аудандағы мектеп ұжымдарының ұйымдастыруымен рухани жаңғыру аясында №10 орта мектепте өткен кеште Әбіш аға Кекілбаевтың «Күй» повесі желісіне жазылған «Кек» сахналық қойылымы көрсетілген-ді. Киелі Маңғыстау жеріндегі тарихи оқиғаларды көрермен қауым тағы бір рет көз алдынан өткізгендей әсерге бөленді.

Аудандағы №6, №9, №10 орта мектеп оқушылары мен ұстаздары «Ұлылар ғана ұлылар туралы ұлы сөз айта алады» дегендей, Әбіш Кекілбаев туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтан бастап, қазақ, шетел зиялылары қаншама риза ой-пікірлер білдірген даналық сөздерін айтып, ұлының ұлықтығын паш етті.

Кеште Қызылтөбе лицейінің дене тәрбиесі мұғалімі Зейнетулла Қосымбаев «Әбіш ағаға» арнауын арнап, мағынаға толы, шымырлы шумақтарын күміс көмейден ақтарды. Ал Әбіш ағаның «Теңіз жағасындағы ой» өлеңіне №9 орта мектебінің ән-саз пәнінің мұғалімі, сазгер Марат Ордабаев ән жазған болатын. Бұл әнді орындап, тұсауын кескен әнші Жомарт Маратов болатын.

Рухани жаңғыру аясында өткен Әбіш әлеміне ену іс-шарасында қалың көрермен мәдениеттің кәусар бұлағынан шөлін қандырғандай әсерге бөледі. Барша жұрт рухани қуат алып, тың серпілістің қадамына енгендей…

Кеш соңында дастарқан басында Сайын аға Әбіш ағаның аруағына Құран бағыштады. Ол кісі ел-жұртының амандығын тіледі.

Еліне елеулі, халқына қалаулы болған абыз аға Әбіш жайлы мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ағамыз кезінде: «Маңғыстауда ежелден 362 әулие бар еді, 363-ші әулие Әбіш Кекілбаев шығар», – деген дана сөзі бүгінде шындыққа айналғандай әсер береді…

Д. ХАНСҰЛТАН