(Сайын Шапағатов жайында)

Жақсының аты жыл өте жаңғыра түседі. Халық әлі аяулы да ардақты тұлғасы ретінде ардақтайтын аяулы азаматтың бірі — Сайын Шапағатов.

Жастар Сайын ауылына атағы берілген бұл кісіні кім деп ойлауы мүмкін. Оның есімі мен еткен еңбегімен біздің елдің дербестігі, тәуелсіздігіміз бен егемендігіміз тікелей байланысты. Бір кездері Сайын Шапағатов арман еткен еңселі егемен ел, бүгінде өзінің тәуелсіздік жылдарындағы тарихын тізбектеуде. Сайын алғаш болып құрған «Парасат» қоғамының негізгі бағдарламасы да сондай – жалтақтамайтын, керегіне өзінше өрлікпен қол соза алатын ел саясатын жасау еді. Ол өзі құрған «Парасат» қоғамы жұмысымен елді өзімен бірге ерітіп, әр жұмысын сауатты ұйымдастыра білді. Ел мүддесін алға тартып, олардың талап-тілектерін жоғары орындарға мәселе ретінде қоя білуі де екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа екені белгілі ғой. Мәселені көтеріп алып, көлденең тартып кете бармай, оны орындату одан қиын шаруа. Міне, екеуін тең ұстап, шаруаны үйлестіретін, ісі ілкімді, сөзі өтімді Сайын Шапағатов құрған Қазақстандағы тұңғыш «Парасат» қоғамы республикадағы беделді ұйымға айналды.

Ол 1940 жылы Гурьев облысының Форт-Шевченко ауданына қарайтын Тельман ауылында дүниеге келген. Әкесі Нәдір Маңғыстаудың оқу-ағарту, мәдениет саласында қолтаңбасы бар өлкеге танымал азамат болған. Деректерде ол кісінің Телманның болашағын дәлелдеп, мектеп салдыртуға үлес қосқаны да айтылады. Өзінен бұрын өзгенің қамын ойлайтын көпшіл әкеден әрине халықты ойлайтын азамат туары анық еді. Әкесі Нәдір ауылда мектептің ашылуына үлес қосқан. Сол мектептің директорға арналған үйінде дүниеге келген Сайын оқушы кезінен өзінің алғырлығы мен зеректігімен танылады. Мектепті үздік бітіріп, 1957 жылы Алматыдағы тау-кен институтына түседі. Институт қабырғасында жүріп-ақ тез көзге түскен Сайын білімдарлығын байқатып, жаңа игеріліп жатқан Қазақстан тыңына барған кездегі еңбегі еленеді. 1958 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының, Республика министрлер Кеңесінің және Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет хатымен марапатталғанда ол небәрі 2-курс оқитын жалынды жас еді. Екі жыл өтісімен 4-курс студенті Қостанай облысындағы Тобыл ауданының комсомол комитетінің грамотасымен де марапатталып, Қазақстан тыңында еңбегін сіңіреді. Сол жалынды жастығында ол спортта да өзінің бойын көрсетіп, Алматы қалалық, облыстық самбо күресінен жарыстарда жүлделі болады. Институт намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болып жүрген Сайынның қазақша күресте нұсқаушы болғаны туралы да ел ауызында естеліктер бар.

Жоғарғы оқуын бітіріп, дипломын алған Сайын өзінің жеке өмірін де ұмытпайды. Сүйікті жары Фаридасымен көңіл жарастырып, елге оралған жас 1962 жылы Ақтау қаласындағы Каспий тау-кен комбинатында жұмысқа кіріседі. Сол тұста өлкеде ұлтық кадрлерге, әсіресе жергілікті балдарға деген сұраныс жоқ болатын. Оның астында ұлтараздық туа жаздар, кішігірім кикілжіңдер де орын алып тұратын болған. Осындай орынсыздықтар кезінде ол өзін де, өзгені де басындырмай, орнына қойып отыратын болған. «Сөзге салса тіресті, күшке салса күресті» деп осындайда айтылса керек. Қандай мәселеде де шешімін тауып, орағытып ортаға шығатын жігіттің жұмыста да басы төрге озды. Ақтау қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметіне сайланды. Нақтырақ айтқанда, Сайынды осы қызметке сай деп сайлады. Өндірістегі өркөкірек басшылар құтылдық деп ойлаған болса керек. Алда Сайынның қалай биіктеп, қай жерден шығарын білмеді. Алайда, көптің көңілін ойлайтын көпшіл жігіт мұндай жұмыстан, бір қалыптан тез шаршайтын. Ол халықпен бітеқайнасқан тірлігін аңсап тұрды. Осы себептен де ол мұнай саласына өзі сұранып, 1966 жылы Жетібайға ауысты. Мұнай саласында жағаларына мұнайдың иісі сіңген, қолғаптары қара май, нағыз мұнайшылар ортасында да оның бригадасы тағы озат көрінді. Сол жылы Жетібай мұнайын игеру тарихында 240 тонна қара алтын беріп, мұнай игеру көрсеткішінде жақсы жаңалық болған болатын. Бұл жөнінде сол кездері Фариза Оңғарсынова, Әбілхайыр Спанов елдің сүйіп оқитын газеті «Лениншіл жастағы» мақаласына Сайынды кейіпкер етіп алып, Маңғыстау мұнайының жаңалығын сүйіншілеп берген еді. Сайынның өзі 1986 жылы Маңғыстау мұнайының отыз жылдығы тұсында «Комсомол жолы» газетінде естелік айтқан-ды. 1966 жылдан -1971 жылға дейін мұнай саласында бес жыл қызмет еткен еңбек өтілінде ол – оператор, жер асты жөндеу жұмыстарының шебері, участке бастығы, «Өзен», «Жетібай» кенішіндегі «Маңғышлақнефть» бірлестігінде инженерлік қызметтерді атқарады. Мұнай саласындағы тынбас еңбегі елеусіз қалмай, сол саланың жетік маманы ретінде қалалық, облыстық дәрежедегі марапаттаулармен қоса, КСРО Мұнай министрлігінің құрмет грамоталарымен де марапатталады.

Кейін, 1971 жылдан бастап алты жыл Жаңаөзен қалалық және Маңғыстау облыстық партия комитетінде өндірістік –транспорт бөлімдерінде еңбек етеді. Ал, 1977 жылдан бастап «Маңғышлақнефть» бірлестігінің партком хатшысы болады. Үш жылдан кейін, яғни 1984 жылға дейін кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін атқарды. Сайынның азаматтығын одан сайын айқындаған, еңбек жылдарындағы ең бір жұмыс орны – кәсіподақ жұмысы болатын. Жұмысшы құқы мен еңбегін екшейтін кәсіподақта өзі жалықпайтын, өзі ойлағандай қызу ортаға тап болады. Сөз көп еріп, жауапкершілік жүгі жүретін бұдай жауапты жұмыста да азаматты абыройы алып шығады. Төрт жыл кәсіподақтағы оның абыройлы еңбегіне дәлел – басшылықтың қалауымен осы бөлімнің құпия бөліміне ауысып, өмірінің соңғы күндеріне дейін жұмыс жасауға мүмкіндік алады.

Сол жылдарда, 1986 жылдың желтоқсан ызғары саясатқа салқынын оңбай тигізді. Жастардың алаңдағы ұраны да, жалауы да, алауы да Тәуелсіздік болғаны белгілі. Саясаттың суығына шалдыққан қазақтың, әсіресе маңғыстаулықтар өр рухын өпкенде Өзен оқиғасы орын алды. Бір емес, ел тағдырына қатысты екі оқиғаның Сайынға әсер етпеуі мүмкін емес еді. Өзен оқиғасы тұсында ол елге бас болып, Ақтауда үлкен митинг өткізіп, сол саяси сергелдең шақта ел тағдырына алаңдаған азаматтың бірі болды. Қазақстандағы алғашқы «Парасат» ұйымын осы кезде құрады. Ұйымның да беделі азаматтың атқарған айтулы еңбегінде, ақыл парасатында болатын. Ұйым беделі күн санап асқақтамаса, төмендеген емес.

Құрылған жылы 1 шілдеде қала жұртшылығының өкілдері қатысқан құрылтай ұйымдастырылып, онда ұйымның алғашқы бағдарламасы қабылданады. Бағыт берер бағдарламада ана тілін үйрену, жергілікті халық пен өзге ұлт өкілдерінің арасындағы бейбіт қарым-қатынас орнату үшін оны білуі, әдеби, мәдени мұраны жинақтау, салт пен дәстүрді жаңғыртуға дейінгі жұмыстар мен ұлттық білім беру жүйесін орнату, онда балабақша мен мектеп тәрбиесіндегі ұлттық ұстаным, тарихи ескерткіштерді қорғау сияқты жұмыстар жүйелемесі бар еді. Аталмыш қоғамның барлық бағытты қамтыған бағдарламасы 14 топтан тұрған екен. Бүгінгі «рухани жаңғыру, 100 нақты қадам» деп жүрген басы байлы бағыттардың бәрі осы бағдарламадан алынса керек. «Парасат» қоғамының құрамында 16 ұлттың өкілдері болады. Бүгінде Маңғыстауда Каспий жағалауында орналасқан елдерді қамтитын «Каспий – достық теңізі» фестивалі ұйымдастырылады. Бүгінге дейін дәстүрден жаңылмай өткізіліп тұратын бұл фестивальді Сайын Шапағатов ұйымдастырып, өзге ұлттың да өнерін насихаттауға үлес қоса білген. Бұдан ол кісінің бірегей жан екенін байқауымызға болады. Қазақстанның 60 жылдығы қарсаңында фальклорлық шаралар өткізіп, Маңғыстауға алғаш «наурыз» тойын атап өтуге үлес қосқанын да көп айтып жүр. Сонымен қатар, қоғамдағы бүгінде гендрлік теңдік деп жүрген саясаттың да сырын беріп, алғаш болып, мұнай және газ өнеркәсібінде істеген әйелдердің слетінің өтуіне мұрындық болуы дәлел.

Елге алдымен оралған бауырластарды, Маңғыстауға келген ирандық қазақтарды қарсы алуы, Ақтау қаласының атауын қайтару сияқты тарихта қалар шаруаларды атқарады. Тіпті, ұлт пен бүкіл ел тағдырына алаңдаушылық білдіріп, Ядролық қаруды сынауды тоқтату, Арал, Балқаш, Каспий, Орал өңірін құтқару жұмыстары сияқты мәселе көтеріп, Москва халық депутаттарының съезіне, Колбиннен бастап, Назарбаев, Бекбосыновқа телеграммалар мен баянхаттар арқылы жәйтті баяндаған да осы кісі. Ол кісі туралы айтылатын әңгімелерде — бүгіндегі «Бекет ата» басына жұртты жинап, сапар да ұйымдастырып, біле білсек өңірдегі ақпарат көзі болып табылатын жалғыз газет «Маңғыстау» тағдырына да араласқаны белгілі. Жабылып, қайта ашылған газеттің кең көлемде таралуына кедергі жасағысы келгендерге қарсы күрес жүргізіп, шырылдап араға түскенін журналистикада 40 жылдан аса еңбек өтілі бар маңғыстаулық журналист Есберген Іңірбай айтқаны есімде қалды. Бір кездері Орал, Атырау облыстарының шекаралас аудандарын Ресейге қосу жөнінде мәселе көтеріледі. Оған Орал қазақтары наразы болып, жастары қарсылық білдіріп, келеңсіздіктер туындай бастайды. Осы келеңсіздікті басу үшін, түйінін шешіп, ол мәселенің белең алуына жол бермейтін азамат ретінде Сайын өзі білек сыбанып кірісіп кетеді. Қасына өзі білетін жанашыр азаматтармен ұйымдасып, ГАЗ 66 көлігімен Оралға барып келеді. Сол жердің жергілікті жастарымен кездесіп, ақыл кеңесін бергенін де ел біледі.

Жастайынан әдебиетке жақын Сайын мерзімді басылымдарда өз ой орамдары мен мақалаларын ұсынып, жариялап тұратын. Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романын мемлекеттік сыйлыққа ұсынарда пікірін білдіріп, қолдаған да болатын. Маңғыстауға келген әрбір ақын, жазушыны елеусіз қалдырмай, кездесу ұйымдастырып отырады екен.

Алматыда, 1990 жылы 30 маусым мен 1 шілде аралығында Қазақстан азаматтық «Азат» қозғалысының құрылтайы өтеді. Орта Азия республикалары, Түрік елі мен Маңғолия, Ауғанстан, Әзірбайжан, Алтай, Омбы облыстарынан келген делегаттар қатысқан үлкен форумда «Азат» қозғалысының басшы органына сайланады. Саясаткер ретінде қалыптасқан Сайынға Қызылорда мен Маңғыстау арасындағы облыстар мен Орал Түркменстан мен Қарақалпақстан тапсырылады. Ол қашанда өзіне жүктелген жұмысқа жауаптылығымен бұл тапсырманың да абыройын асқақтатқан еді.

Қандай қызметте жүрсе де ел тәуелсіздігі мен қазақтың зеректігін алға қойды. Осы тірлікпен жүріп, өзінің қарақан басының қамын да, деніндегі саулықты да ойламаған. Ол қазақ елінің тарихында тұңғыш рет ел болып Президентін сайлаған күні өмірден өтті. Алла оның пешенесіне елуді ғана еңсерер жасты берсе де, тәуелсіздік туын еліне, елін басқарар ұлға тапсырған тарихи сәтте сенімді кейіпте өмірден кете барды. Бұл тұста абыз Әбіштің «Тәуелсіздік тағдырына елдегі саяси элитаның алғашқы буыны айрықша жауапты. Егер олар шетінен баққұмарлық пен таққұмарлықтың дертіне шалынса, онда тәуелсіздікті топан су алды дей беріңіз. Егер олардың ортасында адам қамын ойлайтын гуманистер мен қоғам қамын ойлайтын патриоттар басым болса, тәуелсіздіктің бағы жанатыны даусыз» деген сөзі дәлел. Гуманист, көпшіл, патриот, бастысы қарапайым, халық үшін туған Сайындай азамат Сабыр Адай, Светқали Нұржан сынды ақындардың жырындағы жүрек, баспасөзде журналистер қаламын жүйткіткен мақалаларға арқау болды, бола да береді. Бюракратизмге қарсы өршіл азамат бүгінде тірі болса, қоғамдағы талай бюракраттардың көкірегіндегі отты бір демде үрлемей сөндіретіні анық еді. Бүгінгідей бояуы қанық, мүмкіндігі толық қоғамда кейбір басшының орындығына елге жаны ашымайтын, өз қамын ойлайтын сұрықсыз саясаткердің отырғанына Сайын бей-жай қарамас еді. Өршіл рухтылардың заманы өтті десек те, жүз жылда болса да қоғамға халық үшін тәртіп орнатып тұратын, ұлттың мұратын ұғатын мұндай тұлғалар қайта туа беретініне Сайын Шапағатов сияқты тұлғалардың тағдырда, тарихта кездесуі дәлел.

Милана ЕЛЕУСІНОВА