Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов кешегі аппараттық жиын барысында кадрлық өзгерістер болғанын айтып, жаңа лауазым иелерін көпшілікке таныстырды. Сонымен облыс әкімінің бірінші орынбасары болып Серік Аманғалиев тағайындалса, Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып Талғатбек Бапиев бекітілді. Мәжілістің күн тәртібіне сай үш сала басшысы атқарған жұмыстары туралы есепті баяндама жасап, ақпараттарымен бөлісті.

Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов салық және кеден қызметін сандық жүйеге көшірудің көрсеткіштері, мүмкіндіктері туралы баяндады. Атап айтқанда, Елбасы алға қойған Ұлт жоспарының 43-қадамында салық декларацияларын қабылдау мен өңдеу бойынша жүйелік орталықтар құру, электронды декларацияларды жүйелеу мақсатында жасақталып жатқан «Астана–1» автоматты ақпараттық жүйесі, электронды шот-фактураларды қолдану, басқа да жаңа тиімді жүйеге өту талаптары туралы айтты. 2017  жылдың  11 айында аймақ бойынша тапсырылған 292405 салықтық есептің 277095-і электронды тасығыштар арқылы берілген, яғни қағазбен жұмыс жасау үлесі 5 пайыздың шамасына дейін азайған.

Ал Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева амбулаторлық деңгейдегі науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар жайында ақпарат берді. 2017 жылы амбулаторлық емдеуге 49 нозология бойынша дәрі-дәрмек сатып алуға 2 542 916,0 мың теңге бөлінген, сырқаттардың 70 пайызы (72 180 адам) дәрімен қамтылған. Жыл аяғында қаржы тапшылығына байланысты дәрі-дәрмек жетіспеушілігі байқалады. Биылғы мамырда  мемлекеттік сатып алуды оңтайландыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайту, әлеуетті өнім берушілердің құқықтарын қорғау,  мемлекеттік сатып алу процесіне қатысушылардың жауапкершілігін ұлғайту мақсатында құрылған Маңғыстау облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысы Аят Қарсыбаев жалпы Маңғыстау облысының мемлекеттік сатып алу саласына жасалған жан-жақты талдау нәтижелеріне тоқталды. Тиімді жұмыстардың нәтижесінде мемлекет қаржысын үнемдеу көрсеткіші 26 пайызға дейін өскені айтылды. Мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтардың ӘББ үлесі бойынша құрылыс басқармасы (31%), жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы (23 %), Ақтау қаласының әкімдігі (14%), Жаңаөзен қаласының әкімдігі (7%) және басқа да бюджеттік бағдарламалар әкімшілері орналасқан.

Облыс әкімі де мемлекеттік сатып алу, тендер мәселесін тәртіпке салу жөнінде айтып, тиісті тапсырмалар берді.

М.ҚУАНЫШҰЛЫ

Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ