Бейнеу ауданында алғаш рет осыдан екі жыл бұрын грек-рим күресі үйірмесі ашылды. Қазіргі таңда бұл спорт түрімен тұрақты түрде елу бала шұғылданады. Жаттықтырушысы — Ирлан Байшекенов. Аталған күрес түрінен ауданның намысын жоғары деңгейде қорғап жүрген спортшылар республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпаздары атанған. Республикалық чемпиондар: Самат Ермеков, Парасат Демеуов, Самат Төлегенов, Жәнібек Әділханов, Шыңғыс Оррабеков сынды мықтылар.

2016-2017 жыл екі жыл қатарынан аудан құрама спортшылары чемпион атағын иеленді.

Жуырда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Бейнеу аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Маңғыстау облысының жасөспірімдер арасындағы грек-рим күресінен облыстық ашық біріншілігі жарысы өтті. Жарыстың мақсаты — жасөспірімдерді жаппай дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, спортшылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту және грек-рим күресін кеңінен насихаттап, дамыту.

Грек-рим жарысына 6 команда: Ақтау, Жаңаөзен, Мұнайлы, Маңғыстау, Қызылсай, Бейнеу командаларынан 137 оқушы қатысты. Күресте әр түрлі салмақ дәрежесі бойынша спортшылар сынға түсті. 2 күнге созылған бұл додада  спортшылар өте жоғары деңгейде өз шеберліктерін көрсетіп, күресе білді. Жарыстың нәтижесі бойынша төрешілердің шешімімен І орынды Бейнеу ауданының құрамасы жеңсе, ІІ орын Жаңаөзен қаласының құрамасы мен ІІІ орынды Ақтау қаласының құрамасы иеленді. Жеңімпаздарымызға арнайы тағайындалған төсбелгілер мен кубоктар, дәрежелі дипломдар табысталып, марапатталды.

Үміт ҚАЗДАЕВА