ұстаздар

Осы жылдың қараша айында Манашы орта мектебінде жаратылыстану-математика пәндері мұғалімдерінің олимпиадасы болды. Олимпиаданың негізгі мақсаты – жаңа педагогикалық технологияларды жетік меңгерген, жаңаша білім беру мазмұнын бойына сіңірген, жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білетін талантты, білімді, тәжірибелі ұстаздарды анықтау. Осы анықталған ұстаздардың озық іс-тәжірибелерін тарату және оларға демеу көрсету болып табылады. Олимпиада екі кезеңнен өтті.

Бірінші кезең шығармашылық тапсырма ұстаздардың сауаттылығы анықталса, екінші кезеңде ұстаздарымыз бір-бір ашық сабақтарын өтті. Жан-жақты өз кәсібінің шеберлері екендігін танытқан, біліктілігі мен тәжірибесі мол, жаңа технологияларды тиімді пайдалана білген ұстаздарымыз алға суырылып шықты. «Шын жүйрік сайыста танылады» дегендей-ақ, «Бейнеу орта мектебі» КММ-нің әдіскері, математика пәнінің мұғалімі Мәншүк Айтымбетова бас жүлдені, химия пәнінің мұғалімі Камшат Жаббарбергенова  І орынды, география пәнінің мұғалімі Ерлан Бердібай ІІ орынды  иеленсе, биология пәнінің мұғалімі  Ақмарал Ерпайызова ІІІ орынды  иеленді.

Мектебімізде осындай жетістіктерге ие болған ұстаздарымызға құттықтау рәсімі ұйымдастырылып, мектеп директоры Батырбек Демократұлы мектебіміздің  мақтанышы болған ұстаздарымызды жеңістерімен құттықтап, жұмыстарына шығармашылық табыстар тіледі. «Мұғалім – үздік ізденуші» дегендей, әлі де көп еңбектеніп, биік белестерден көрініңіздер. Алғыр ойлы, бәсекеге қабілетті, жоғары мәдениетті, адал азамат ұл-қыздарға саналы тәрбие мен сапалы білім беруде шаршамай, талмай еңбек етіп, еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер демекпін.

Жәнібек ҚОШМАНОВ,

«Бейнеу орта мектебі» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі