ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Ақтау» сауда ойын-сауық кешенінде дәстүрлі «Ұлы дала мұрагерлері» флешмобын өткізді. Шара барасында өнерлі ұландар қазақтың танымал күйлерін орындап, ән айтып, аймақ жұртшылығын мерекемен құттықтады.

— Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған флешмоб республикадағы барлық зияткерлік мектептерде өтіп жатыр. Бірлескен жобаның басты мақсаты — көпшілікті мерекемен құттықтау, егеменді еліміздің еркін ұрпақтарының өнерін таныстыру. Биылғы флешмобтың ерекшелігі — күмбірлетіп күй орындайтын оқушылар санының артуы болып отыр, — дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова.

Шарада 35 күйші орталыққа келушілер алдында Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын» күйлерін күмбірлете орындады. Сондай-ақ Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», «Әлқисса» күйлері де көрерменнің көңілінен шықса, «Керемет» би ансамбілінің тәрбиеленушілері «Аса таяқ» биін биледі.

Венера МИРЛАН

Ақтаулық оқушылар сауда орталығында күй тартудан флешмоб өткізді