Шетпе станциясында көптен қордаланған мәселе өткен жылы шешімін тауып, темір жол үстімен арғы-бергі елді мекендерді байланыстыратын аспалы көпір қолданысқа берілген еді. Бүгінде жергілікті халық қарасаң қауіпсіз жолмен қатынауда.  

Станциядағы 8 темір жолдың үстімен салынған бұл өткелдің биіктігі 8 метр, ұзындығы 100 метрден асады. Бір ерекшелігі заңғар жүктерді алып өтуге кедергі келтірмейді, қажет кезінде ашылып, қайта жабылады. Құрылысына  48 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалған.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай пайдалануға берілген аспалы көпір  үстімен содан бері қанша халық жүрді, қаншама қауіптің алды алынды, ол бізге белгісіз. Бір білетініміз темір жолдың арғы жағындағы мектеп, спорт, мәдениет орындарына баласын жіберіп, үйінде байыз таппай отыратын  ата-аналардың үрейі сейілген. Десе де ауыл тұрғындарының қажетіне жарап тұрған нысанға баспалдақпен шығуға еріне ме, әлде өз өміріне соншалықты немқұрайлы қарайтындар ма, әлі де жолды кез келген жерден кесіп өтетіндер азаймай отырған көрінеді.

Мұны жуырда сол жақта болып, шойын жолдағы осындай бейберекет әрекетті болдырмау үшін орта білім беру мекемелері мен мектеп гимназиясында түсінік жүргізген Ақтау станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің өкілдері де растайды. Өзіміз де көпірді қызықтап, үстімен жүрген едік. Төменде, тұрған жерімізге жақын маңнан темір жол  ережесін бұзып бара жатқан бірнеше адамды көзіміз шалды.

– Көпірдің бір жағында аудан орталығы, екіншісінде халық саны жоғары ауылдардың бірі орналасқандықтан әрлі-берлі жүрушілер көп. Шетпеде ауданның әлеуметтік, өзге де маңызды нысандары, Жаңаорпада мектеп, аурухана, газ мекемелері шоғырланған. Бұл екі ортада қатынас қашанда қарқынды. Сондықтан көпірдің пайдасы орасан. Бұрын көлігі барлар автомобиль жолына, жаяу жүргіншілер өздеріне арналған екі өткелден өтетін. Енді оған көпір де қосылды. Дегенмен кейбіреулерге бұл да жеткіліксіз, темір жолды төтесінен басып бара жатқандар әлі де кездеседі. Сонда, көпірді де керек қылмайтын бұл халыққа не шара, – деп қынжылыс білдірді Шетпе станциясының бастығы Бәлібек Есенгелдиев.

Бір жаманы, станцияда  желілік ішкі істер бөлімінің арнайы пункті жоқ. Мұнда жергілікті халықтан бөлек Жаңаөзен қаласының тұрғындары да пойызбен келіп-кетеді. Яғни, кісі қарасы үнемі қалың. «Сондықтан полиция бөлімшесі керек-ақ», деген станция басшысы  оған орын табу мүмкіндігін қарастыруға әзір екендіктерін де жеткізді.

Ақтау станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің Әкімшілік полиция бөлімшесінің басшысы Серік Оразғалиев та Шетпеде бөлімше болмағаны станцияда тәртіп бұзушылықты бақылауға мүмкіндік бермейтінін   жасырмады.

Жақында бүкіл құзырлы мекеме өкілдері мектептерді аралап, темір жолдан өту қауіпсіздігін сөз етіп, пойыз келіп қалғанда қандай әрекет жасау керектігі жайлы деректі фильм көрсетіпті.

Шахида Жұман