Елбасымыз айтқандай, туған жердің әрбір мекені, сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Қазақ халқына суықта пана, ыстықта сая болған мекендердің әрқайсысының шығу төркіні жайлы ел арасында талай аңыздар мен әңгімелер жетерлік. Ең бастысы, мұның бәрін жас ұрпақ білуі тиіс. Осы мақсатта Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығы «Өзенмұнайсервис» ЖШС жастарымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған өлкеге саяхат жасады.

Таңертеңгі 8-де жолға шыққан бір автобус саяхатшылар жол бойы терезеден өлкеміздің кең даласын, өскен шөбін, жайылып жүрген түйесі мен жылқысын тамашалап, Маңғыстау тарихынан, флорасы мен фаунасынан әңгіме айтып жол қысқартты.

Жастардың алғашқы аялдамасы Шерқаладан бастау алып, кейін Ақмыш бұлағына, Маңғыстау ауданының «Көгез» аумағында орналасқан жаңа туристік этноауылға ұласты.

Саяхат барысында Шерқала атауының мағынасы «Арыстан қала» дегенді білдіретін түркменнің сөзі екені, қазақтар мен түркмендердің арасындағы шайқастар мен Ақмыш бұлағы, оның жанында археологиялық-қазба жұмыстары жүргізілгендігі, жалпы Маңғыстау ауданында жер асты суларының молдығы мен үңгірлердің көптігі айтылды.

— Жаңаөзен қаласының Жастар ресуртық орталығының жоспарына сәйкес «Маңғаз Маңғыстауым» жобасы аясында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен туған өлкеге саяхат жасау мақсатында жастарды алып Маңғыстау ауданына келген жайымыз бар. Бұл жерде бүгін біз арнайы тренерлердің тренингін, квест ойынын өткіздік. Квест ойыны рухани жаңғыру бойынша жастардың білімдерін арттырып, өй-өрістерін кеңейтуімен өте ерекше өтті, — деді орталықтың басшысы Жадыра Шалабаева.

Бұл күні жастар Шерқаланың тамаша табиғатының аясында суретке түсіп, Ақмыш бұлағының мөлдір суын татып, биік-биік ағаштарының көлеңкесінде демалып, дастархан жайып, қазақтың ұлттық тамағын пісіріп, квест ойнап, бірнеше қалта қоқыс жинады. Ең бастысы, аталған істердің барлығы ауызбіршілікте, бірлікте атқарылды.
Бір қынжылтқан дүние адамдардың демалуға келуімен бұл жер тұрмыстық қалдықтардың кеңістігіне айналған. Ағаштардың, шөптердің арасы, бұлақ суының бойлары сусын бөтелкелеріне, консерві банкілеріне т.б. қоқыстарға толған. Мұны көріп ата-баба қанымен, қаншама тердің, еңбектің арқасында келген жердің қадірінің өткендігі ме дерсің… Осы орайда, Елбасы мақаласындағы «Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді», — деген жолдар ойға оралады. Яғни, әрбіріміз алдағы уақытта да осы үрдіспен өмір сүруіміз қажет.

Танымдық әрі табиғатты аялау мақсатында өткен, яғни алдымен кең байтақ жеріміздің қасиетін ұғындырып, оны ластамауды, келешек ұрпаққа таза күйінде аманат етуді санаға түйген экскурссия Көгездегі этноауылда жалғасын тапты. Қос таудың етегінен орын алған этноауылды тамашалаған біз «Жерімізді, табиғатымызды осылай да қамқорлыққа алуға болады екен ғой» деген ойға келдік. Бір жағынан, барымызды бағаласақ, екінші жағынан бай мәдени мұрамызды ел арасында, шетелдіктерге насихаттауға таптырмас құндылық болары сөзсіз. Мұнда келген қонақтар қазақтың дәстүрімен танысып, таза ауада тамақтанады, ұлттық тағамдарынан дәм татады, арнайы туристік бағыттар бойынша өңірдің тарихи және көрікті жерлерін аралайды. Ең бастысы, жайлауда жүргендей сезімге бөленеді.

— Қазіргі уақытта біздің этноауылда 10 киіз үй тігулі. Оның бесеуі қазақи үлгіде, ал қалған бесеуі заманауи, яғни бізге әлемнің басқа да мемлекеттерінен туристер келетін болғандықтан керуеттер қойылды. Халыққа бір жерден үйлестіріп көрсету үшін бұл үйлерді жан-жақтан әрбір үзігін, желбаудан жинадық. Мысалы, нөмірі екінші үйіміз Бекет Атаның 250 жылдығына дейін тігілген үй. Сондай-ақ, барлық киіз үйде салқындатқыш, электр жүйесі орнатылған, қазақы үлгіде жабдықталған, — дейді, этноауылдың ұйымдастырушы маманы Самал Құлжанова.

Шерқала мен Айрақтының ортасында орналасқан Көгездідегі этноауылдың асхана мәзірінде ұлттық тағамдармен қатар күнделікті қолданыстағы астар да бар. Сондай-ақ, қазіргі таңда этноауыл аумағында салқындап шомылуға арналған хауыз жұмыс жасайды. С.Құлжанованың айтуынша, басшылық тарапынан алдағы уақытта этноауылды кеңейтіп, ағаш үйлердің санын көбейтіп, аңшылық ұйымдастыру, монша салу, ұлттық спортпен айналысуға жылқы, серуендеуге велосипедпен толықтыру жоспарлары бар.

Жандос Жарылғасұлы, «Өзенмұнайсервис» ЖШС жас маманы:

— Бүгін міне, туған өлкеге саяхаттап, кереметтей жерлерді араладық. Тек қана көзбен көріп қана қоймай, бірнеше іс-шаралар өткіздік. Қазақи болмыстағы ауылда болып, таныстық. Дәл қазір, өзгені емес өзімізді жарнамалайтын уақыт жеткеніне көзім жетіп тұр. Бізде тамаша табиғат, Қаспиий теңізі бар. Бір сөзбен айтқанда, бізде турист шақыратындай арнайы аймақтар көп. Тек қана тиімді пайдалана алсақ жеткілікті.

Тарихымызды жаңғыртып, ұлттығымызды ұлықтап, ауызбіршілігімізді нығайтып, одан әрі арттыра түсу тұрғысында Елбасы «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласында: «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас¬тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай»,- деген болатын. Жалпы, қоғамдық жаңғыру процесіндегі негізгі рөл мемлекетке тиесілі болғанымен, рухани жаңғырудың табысты жүзеге асуы тікелей қоғамның әрбір мүшесіне байланысты. Сондықтан баршамыз ұлттық кодты сақтай отырып, ұлттық мәдениетіміз бен құндылықтардың, дәстүріміздің озығын жаңғыртуға атсалысуымыз қажет.

Жазира Ақбергенова