Жалау туған топырақта тарихи пьесаның тұсаукесері өтті

Киелі Ақкетік сахнасында Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл және Ақкетікте туылған Алаш арысы — Жалау Мыңбайұлының туғанына 125 жыл толуына орай  «Елім деп өткен Ер Жалау!» атты драматург Өтен Ахметтің шағын, тарихи пьесасы сахналанды. Арыс туған Ақкетікте алғаш тұсаукесер ұйымдастырып отырған «Ақ жол-жастар» жастар қанаты осыған дейін де Жалаудың тұлғалық деректерін жинап, оны іздестіріп, таныту бағытында жұмыстанып жүргендері белгілі. Сол жиналған деректер сұрыпталып, бүгінде көрерменге жол тартқан пьесаның сахнада спектакльге айналуына негіз болған. Ұйым жастарының белсенділігі мен еңбекқорлығы нәтижесінде жылда тұлғаның бейіті басында тазартумен қатар тағзым ету шаралары ұйымдастырылып келеді.

Пьесаның тұсаукесерінен бұрын облыстық орталық мешітте Жалау арыстың рухына құран хатым түсіруі бұл пьесаны қолға алған жастардың ізгі әрі сауапты ісі болды. Оған қоса, тарихи драманы ең бірінші арыс туған жерге алып келуі – тұлғаның туған топырағында Жалаудай жан шықса игі деген ниет болса керек. Ақкетікке ғана емес, Алашқа ортақ азаматты ұлықтай алып жүрміз бе, өр рухын өзінің қарақан басын қорғауға емес, елдің қамын ойлауда қолданған тұлғаны таныта алдық па? Жиі қойылатын сұрақтардың бір парасына осы бір қойылған спектакль жауап бола алғандай.

Жалау туған топырақта тарихи пьесаның тұсаукесері өтті

«Ақ жол-жастар» жастар қанатының жетекшісі Әлия Исаева режиссерлық еткен спектакль – 1919 -1929 жылдар аралығында күрделі қоғамдық саяси жағдайды бейнелей отыра, тарихи тұлға Жалау   Мыңбайұлының халқы үшін аянбай еткен еңбегін жастарға насихаттауға негізделген. 1 сағат 20 минутқа сыйған тарихи спектакльде Жалау Мыңбайұлының Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Садуақасов, Міржақып Дулатұлы сынды Алаш қайраткерлерімен  тығыз байланысы сипатталады. Бұл тұлғалардың большевик Ф.И.Голощекин арасындағы күресі арқылы Жалаудың жалаулы ғұмырының картинасы, өр рухы мен ұлтшыл емес ұлтжандылығы суреттеледі.

Ел мүддесі үшін аянбай еңбек етіп, қарапайым арбакеш жұмысшы топ арасынан еңсесін көтерген қара қазақтың тұлғалық қалыптасуындағы өмір жолын, қоғам өмірі мен сол кездегі солақай сайқал саясатын драматург сахнаға Жалаудың көлеңкесі іспетті Қара кісіні әкелу арқылы суреттейді. Аз уақытты қамтыған спектакльде солақай саясаттың, кеңестік кесеңкілес көлеңкелі келеңсіздіктерді осы қара кісінің ауызына салады. Бір сөзбен Қара кісі сол кездегі қазаққа келген қасіретті көрсетеді. Бір Жалаудың ғана жалауын жықпаған, қазақты бас көтерер, көкірегі ояу зиялыларынан бастап құртуды көздеген содыр саясат сойқанын Қара кісінің спектакльдегі сөзінен аңғаруға болады. Байларға жасалған қысым мен қарапайым қазақты қуғын-сүргінге әкелетін тарихтың бірінші баспалдағын осы жылдардағы аштыққа әкелген, елді тентіреткен дайындықтарынан көруге болады.

Кеңес үкіметі кезінде Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметіне дейін көтерілген Жалаудың кейбір ісі сайқал саясатқа ұнамағаны да ашылды. Қоғам және мемлекет қайраткерінің журналист екенін «Ауыл тілі» газетін басып шығарғанын мақтан тұтқан алаш арысы Міржақып Дулатұлының хаты арқылы жеткізілді. Қазаққа наурызды тойлауға рұқсат бергендігі мен Қазақтың тұңғыш ұлттық драма театрын ( бүгінгі М. Әуезов атындағы қазақ драма театры)  құру қаулысына қол қойғандығы да осы спектакльде көрініс табады.

Жалау туған топырақта тарихи пьесаның тұсаукесері өтті

Жалаудың сырқаты, жеке өмірі де шағын пьесадан тыс қалмайды. Жары Күміспен танысқан жастығы бейнеленеді. Жалауды жоғалтқандағы Күмістің жоқтауынан ұлынан айрылған Жалау мен Күмістің құсасы, оның суық тағдырының ащы шындығы жеткізіледі.

***

Свет өшірілген сахнадағы қосалқы пушка жарығын қолдану, спектакльде сендіру үшін актерлік шеберліктен бөлек, басты қолданылатын –декорацияны бәрінде үндестікпен үйлестіре білген. Тарихи драманы қойылымға айналдырушы, қоюшы суретшіден бастап, дыбыс және жарық операторлары да облыс орталығындағы Маңғыстау гуманитарлық колледжі, ЖШС Каспий өңірі Болашақ колледжі, М.Тынышбаев атындағы Ақтау көлік колледжінің 3-4 курс студенттерінен құралған топ. Әртістердің де өз рөлдеріне енгендегі кейпін көріп, кәдуілгі кәсіпқой әртіс екен деп қалуыңыз мүмкін. 11 рөлді де  аталған оқу орындарының студенттері шебер сомдайды. Грим, киім мен  манағы декорацияның бәріне қоюшы режиссер айтуынша бір миллионның үстінде қаржы жұмсалған. Қара кісі рөліндегі- Кенже Шәміл, Мұстафа рөліндегі Ғазиз Ізтұрғанов, Сұлтанбек Қожанов рөліндегі Айдар Жұмағазы өз кейіпкерлерін алып шыға алды. Басты рөл Жалаудың рөліндегі кейіпкерді көріп, Жалау Мыңбаевтың қырындап түскен портреттік суреті көз алдыңызға келеді, құдды Жалауды көргендей боласыз. Образдағы ұқсастықты кейіпкерден табиғи көре білуде қоюшы режиссердің іріктеу кезеңінде шатаспағандығын аңғартады. Теңіз, тау-тасы Кетіктің тарихи драмадағы кейіпкерлер ауызында аталуы – тарихы тұнған топырақтың киесін тағы бір еске салады.

-Бұл пьесаның жазылуына алдымен осы Түпқараған ауданының әкімі қолдау көрсетті. Драматург Өтен Ахметке ұсыныс беріліп, бүгін өзіңіз тамашалап отырған спектакль қойылды. «Ақ жол» партиясы, өзіміздің ағаларамыз көмектесіп осы қойылымның сахналануына миллионның үстінде қаржы жұмсалды. Біз тұлғаның туған жерін аттап өтпей, киелі сахнада алдымен қойылғанын құптадық. Декарациямыз кәсіби сахнаға лайықталып жасалған болатын. Безендірілуде қолданған Кетіктің осы жердегі шағын шатқалдарын көрсететін тау болуы керек еді, сыйғыза алмадық. Дегенмен жаман шықпады деп есептейміз. Осыған дейінгі басқа қойылымды сомдап жүрген жастар бүгін де пьесаға бар күштерін салып, сахналап шықты. Мына Жалаудың образын, басты рөлді сомдаған Рамазан Таңсықбаев бұрындары жағымсыз кейіпкерді сомдайтын. Осы жолы басқаша жүк артылып, жағымды тұлғаның образын ашу жүктелді. Бұл жауапкершілікті тапсырмас бұрын, тұлғаны тану бағытында тапсырма беріп, өзіне зерттеу жүктелген болатын. 2 жыл бойы зерттеу нәтижесінде бүгін бар күшін сарпып, көрермендерге осындай қойылымда Жалаудың тұлғасын алып шықты. Жалау Мыңбаев туралы «Жалындап өткен жас ғұмыр» және «Жалау Мыңбаев» деген кітаптарды оқып, ізденіп, образын шығарды, -дейді жастарды жанына үйірте, жақсы іске жұмылдырып жүрген «Ақ жол – жастар» жастар қанатының жетекшісі, қоюшы режиссер Әлия Исаева.

Драманы облыс орталығындағы көрермендерге 7 желтоқсан күні көрсету жоспарлануда. Жалаудың жалаулы ғұмырын жастардың актерлық шеберлігімен қойылған тарихи қойылымын көре аласыздар!

Милана ЕЛЕУСІНОВА

Жалау туған топырақта тарихи пьесаның тұсаукесері өтті

Жалау туған топырақта тарихи пьесаның тұсаукесері өтті

3 ПІКІРЛЕР