Қазан айының соңғы күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында «Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау» жөніндегі комиссиясының кезекті отырысы өткізілді. Комиссия отырысына комиссия төрағасының орынбасары, аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Ж. Қалаубай, мүшелері-ювеналдық полиция тобының аға учаскелік инспекторы Д. Тілегенова, аудан әкімі аппаратының бас маманы Қ. Шалхарова, аудандық орталық  аурухананың басшысы Б. Байназаров, аудандық білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Ә. Құлбаева, аудандық жастар ресурстары орталығының директоры  М. Аманиязова, Құрық ауылы әкімінің орынбасары Қ. Гафаровтар қатысты. Ж. Қалаубай топ мүшелерін күн тәртібіне қойылған мәселелермен таныстырып өткен соң баяндама жасауы үшін алғашқы сөз кезегін комиссия мүшесі-аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы  М. Сәрсенғалиға ұсынды.

Балаларға төленетін мемлекеттік жәрдемақылар және аз қамтылған жанұялардан шыққан балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік көмекпен қамтылуы туралы сөз қозғаған бөлім басшысы жасалынып жатқан жұмыстар, қолға алынып жатқан шараларға кеңінен тоқталды.

«Жұмыссыздық мәселесін шешу бағытында жүргізіліп келе жатқан игілікті істердің нәтижесінде жұмыссыздар қатары жыл өткен сайын кеміп келеді. Жұмыссыздық мәселесі түбегейлі шешімін тапқан жағдайда арнайы жәрдемақылар төлеу де тоқтатылады. Мемлекетіміз осы айтылғандарды нық ұстанып отыр. Мұндағы еске ұстайтын негізгі нәрсе-адам бойындағы сұраншақтық қасиеттерді жою, үйде отырып жеңіл ақша табуды армандайтындардан  арылу. Біз осыған ұмтылып келеміз» — деді сөзін түйіндеген бөлім басшысы.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе-нашар отбасылық тұрмысты анықтау және тұрмысы нашар отбасынан шыққан кәмелетке толмағандарды үйірме, секция, клубтарға тарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру туралы комиссия мүшесі, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы  Д. Атағараевтың баяндамасы тыңдалды.

«Салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында әлеуметтік жағынан аз қамтылған балаларды спорттық үйірмелерге тарту мәселесі оң шешімін тауып отыр. Қазіргі таңда түрлі секцияларға 600-дей бала тартылған: келешекте олардың қатары өсе түседі деген сенімдеміз. Алдағы кезеңде елді мекендерде жасөспірімдерге арналған  бірнеше спорттық ғимараттар салынатын болады. Қазір оларды жаттықтыратын білікті мамандарды іздестіру үстіндеміз. Сырттан маман шақырған соң  оларды тұрғын үймен қамтуымыз керек»-деген бөлім басшысы деректі азаматтарға айтар назын да ұмытпады.

Отырыс қорытындысымен 1-7 қараша, 8-11 қараша аралығында жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында республикалық шара өткізілетіндігін жеткізген Ж. Қалаубай осы іске жан- жақты атсалысуға шақырды.

Жалғас БЕГЕЙ