Тоқсан жол торабы тоғысқан Маңғыстау түбегі кәрі құрлық – Еуропа мен Азия аражігін жалғар алтын көпір, ашық қақпа ретінде геосаяси кеңістіктегі аса маңызды рөлімен оқшауланады. Саяси-экономикалық маңызын бажайласақ, сан тараулы ірі халықаралық көліктік-логистикалық хаб, инвестициялық әлеуеті зор аймақ экономикалық даму жағынан құлашын кең сермеуде. Соңғы жылдары Маңғыстау өңірі тартылған инвестициялар көлемі жағынан еліміз бойынша үздік үштіктің қатарынан бой көрсетіп келеді.Әрине, бұл – қуантарлық жайт.

Осыған байланысты жуырда ғана Маңғыстау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай мен облыстық индустриалды-инновациялы даму басқармасы басшысының орынбасары Талғат Әбдіқадыровтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Отырыста Маңғыстау облысының қазіргі таңдағы инвестициялық әлеуеті мен жүзеге асқан ірі инвестициялық жобалардың жай-күйі сөз болды. Сонымен қоса, «АқтауТеңізПорт» АЭА» АҚ басқарма төрағасы Бекбол Орынбасаров арнайы экономикалық аймақта іске қосылған инвестициялық жобалардың өндіріс қуаты жайлы әңгімеледі.

«Дамыған елдердің тәжірибесіне жүгінсек, экономикалық өсімнің өрлеу үрдісінде инвестициялар тарту маңызы зор екендігіне көз жеткіземіз. Мәселен, Сингапур елінің премьер-министрі Ли Куан Ю шетелдік инвесторларға жан-жақты қолайлы жағдай жасау арқылы экономиканың қарқынды дамуын қамтамасыз етті. Сырт елдерден оқшаулану саясатын жүргізген мемлекеттің өркендеуі екіталай. Осы орайда кез келген азамат инвестициялық қаражат пен ірі жобалардың мән-маңызын жете түсінуі қажет деген ойдамын», – деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысының инвестициялық әлеуеті өте  зор. Биыл 13 ірі инвестициялық  жоба жүзеге асыралады деп жоспарланды. Құны 31,5 млрд. теңгені құрады. «АқтауТеңізПорты» арнайы экономикалық аймақта «Satex Chemi» зауыты іске қосылды. «BEST-Group NS» ЖШС жел электр стансаларын салу жобасы сәтті жүзеге асты. Жылдың аяғына дейін 11 жоба толықтай жұмысқа кіріседі деп жоспарланған. Сонымен қоса келесі жылы жалпы құны 119 млрд. теңгені құрайтын 11 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда Маңғыстау аумағында 840 шетелдік компаниялар жұмыс жасайды. Олардың қатарында Еуропа, АҚШ, Қытай, Жапония, Корея елдерінен келген мекемелер бар.

Әрине, инвестициялық жобалар жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал етеді. Сондай-ақ бюджет қазынасына мол салық түсіреді. Биыл ауқымды жоба-лар арқасында жыл соңына дейін 606 жаңа жұмыс орны құрылады, ал 2020 жылы 1500-ге жуық жұмыс көзі ашылатынын атап өткен жөн.

Таяу болашаққа жоспарланған инвестициялық жобаларға тоқталып өтсем. Мәселен, жуырда ғана Ұлыбритания елінен бір топ ғалымдар келіп, білім-ғылым саласындағы серіктестікті нығайту нәтижесінде, Лондон және Yessenov University бірлесе ойлап тапқан тың жобаны жандандыру ісін қолға алуды ұйғарды.

Өңірге шетел инвесторларын тарту оңай дүние емес. Кез келген инвестор тәуекел деңгейін бағалап, шығын мен табыс көлемін бағамдау, бірқатар факторларды саралау нәтижесінде ғана қомақты қаржысын құяды. Біздің басты міндетіміз – инвесторлар үшін қолайлы орта құру. Маңғыстау облысының транзиттік дәліз ретіндегі орасан зор әлеуетін ескерсек, өңірдегі инвестициялық саясатты дамыту әрі оның ахуалы мен тартымдылығын жақсарту, сырттан тартылатын инвестиция көлемін еселей түсу ісі алға адымдай түсеріне сенім мол. Себебі Үкімет тарапынан да инвесторлар үшін жан-жақты жағдай жасалып келеді. Мәселен, инвесторларға кедергісіз қызмет көрсету мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін арнайы қызмет алаңы шетелдік алпауыт компаниялардың Қазақстан нарығына деген қызығушылығының артуына ықпал етуде.

Еліміздің экономиканы әртараптандыру саясатына сәйкес жер қойнауындағы табиғи қазба байлықтарына ғана иек артпай, өзге өндіріс көздерін тауып, өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайту бағытында жаңа зауыттар салу – басты межеміз. Осыған сәйкес мұнай-газ өндірісінен бөлек ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестицияларды бағыттауға күш жұмылдырудамыз. Мәселен, Жаңаөзен қаласындағы қант зауыты, битум негізінде гидроизоляция материалдарын өндіретін цех – осының нақты айғақтары. Сонымен қоса мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде білім беру және денсаулық сақтау нысандарын салу секілді жобалар да жүзеге асып келеді.

Инвестициялық жобалардың орта жолдан тұралап қалуына нақты себептер әсер етеді. Бірақ біз мынаны түсінуіміз керек. Қомақты қаражат салынған жоба еш уақытта аяқсыз қалмайды. Белгілі бір мерзімнен соң қайта жалғасын табады.

«Маңғыстау облысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2017 жылы 432,7 млрд. теңгені, былтыр 504 млрд. теңгені құрады. Ал биыл өңірге 500 млрд. теңгеден аса инвестиция тартылады деп жоспарланған.

Бүгінгі таңда қаңтар-тамыз айларының аралығында Маңғыстау облысының өнеркәсіптік өнімдерінің нақты көлем индексі 98,8 пайызды құрады. Өзіңіз білетіндей Маңғыстау облысының өнеркәсібінің 90 пайыздық үлесін тау-кен өндіру өнеркәсібі, мұнай-газ мекемелері құрап отыр. Сондықтан былтырғы дәл осындай кезеңге қарағанда жоғарыда аталған көрсеткіш 1,2 пайызға төмендеген. Себебі кейбір мұнай мекемелерінің мұнай өндіру көлемі ішкі техникалық ақауларға байланысты төмендеп кетті. Бұл бағытта біздің тарапымыздан да нақты жұмыстар жасалынып жатыр. Дегенмен тоғыз айдың қорытындысы бойынша бұл бағытта жүз пайызға шығуға мүмкіндігіміз жетеді.

Бүгінгі таңда Маңғыстауда өңдеу өнеркәсібінің  үлесі 5,7 пайызды ғана құрап отыр. 2022 жылға жасақталған жоспарға сәйкес бұл көрсеткішті 10-12 пайызға өсіру көзделіп отыр. Бұл өңдеу өнеркәсібінің серпінді дамуына ерекше ықпал етерлік дүние болмақ», – деді Маңғыстау облысы индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Талғат Әбдіқадіров.

«АқтауТеңізПорты» еркін экономикалық аймағында қазіргі таңда 28-ге жуық инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Оның 70 пайызға жуығы шетелдік инвесторлар қаражатына негізделген. Елде қандай экономикалық жағдай орын алмасын ең басты мәселе – өндіріс ошақтарын тиімді орналастыру қажет. Бұл қағида біздің тараптан қатаң ескеріледі. Еркін экономикалық аймақтың жер көлемі 2000 гектар аумақты құрайды. Ол 6 субаймақ пен 1 теңіз жағалауынан құралған. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілері толықтай тартылған 1 және 3-субзонада 98 пайызға жуық ірі зауыттар мен өндіріс ошақтары бой көтерген. Олардың қатарында «Satex Chemi» битум негізінде қатты және сұйық гидроизоляция материалдарын өндірумен айналысатын зауыт, «Тенарис» премиум санаттағы газбен тығыздалған бұрандалы қосылыстары бар құбырлар шығаратын зауыт және «Азерсун» тағам өнімдерін сақтау қоймасы секілді ірі мекемелер орналасқан. Қолда бар статистикаға сүйенсек, арнайы экономикалық аймаққа құйылған инвестиция қаржысы 95 млрд. теңгені құрап отыр. Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақта 1220 адам жұмыс жасап жатыр.

Қазіргі таңда құны 1,1 трлн. теңгені құрайтын 4 жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның бірі – ең ауқымды «WestGasOil» жобасы. Зауыт құрылысы барысында 4000 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Ал жоба іске қосылысымен 650 адам тұрақты қызметке орналасу мүмкіндігіне ие болады. Бұдан бөлек, желтоқсан айында болаттан өнім өндіру зауыты толықтай іске қосылады. Өзге де жобаларда кезең-кезеңімен жүйелі жүзеге асады.

Әрине, экономикалық аймақта бәсекелестік ортаға төтеп бере алмаған кейбір зауыттар уақытша толық қуатпен жұмыс істей алмай отыр. Бір-екі мекеме 10 және 20 пайызға ғана жұмыс жасап жатыр. Бұл мәселені шешу үшін зауыттарға артылатын жұмыс көлемін  ұлғайту, оның өнімдеріне сұранысты арттыру бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыстанып жатырмыз», – деді «АқтауТеңізПорты» АЭА» АҚ басқарма төрағасы Бекбол Орынбасаров.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ