«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанаты, мен жастарға сенемін!». Мағжан атамыз айтқан бұл сөз қанша заман ауысса да мәні мен маңызын еш жоймақ емес. Әр дәуірде жастарға сенім артып, солардың жолына үлкен үмітпен қараған. Келешекті кемел, болашақты баянды етеді деп жауапкершілік артқан. Аға ұрпақтың жастарға бар қамқорлығын аямай, қажетті білімін жинап, біліктілігін арттыруда жолбасшы болуының сыры да осында жатыр. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанды өркениеттің көшінен қалдырмайтын, ұлтты ұшпаққа шығарар жастарға даңғыл жол салынып жатыр.
Бүгінгі күні қаламызда көптеген жастар ұйымдары белсенді жұмыс атқарып келеді. Мәселен, «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған «Жас Отан» ЖҚ қоғамдық- саяси жұмыстардың көшбасшысы болып, жастардың белсенділігін арттыруға атсалысса, «Жасыл ел» еңбек жасағы тазалық, көгалдандыру жұмыстарына жәрдем ете отырып, табиғатты қорғауға үлкен үлес қосуда.
Жаз мезгілі басталысымен мектеп оқушыларының бірі лагерьлерге, бірі ауылдарға ата- әжесіне қыдырып кетті. Ал, 15 жастан асқан жастардың бірқатары қалада әртүрлі салада уақытша еңбек етіп жүр. Кейбіреулері «Жасыл ел» жасағында еңбек етуде. Мұнайлы шаһардағы жастардың басын қосып, үнемі әртүрлі мәдени, спорттық шараларды ұйымдастырып жүрген қалалық жастар ресурс орталығының орны ерекше. Себебі аталған орталық қашан да жастардың барлық идеясының асуына бастамашы болып, кез келген мәселеде көмектесіп, бағыт-бағдар береді. Орталық басшысы Жадыра Шалабаеваның ұйымдастыруымен жыл бойы бірнеше игі істер атқарылған болатын. Қазіргі жаз уақытында да жастар орталығы демалысқа кетпей, жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында әртүрлі тақырыпта тренинг, семинар, ойын-сауық кештерін ұйымдастырып жүр. Тренингті үлкен аудитория алдында өткізуге де шеберлік керек. Осы тұрғыда Жадыра Айболатқызының тренинг өткізудегі Астана, Алматы, Өскемен қаласынан алған білімі өз нәтижесін беруде. Ж. Шалабаева республикалық, аймақтық және аумақтық деңгейде жастармен жұмыс жасау жөніндегі мамандардың әлеуетін арттыруға бағытталған тренерлер тренингін және мамандарға арналған тренингтерді өткізе алады. Жақында өткізілген шаралардың бірқатарына тоқталып өтейік.

Дені сау ұрпақ — ұлт болашағы

Жанам деген жүрекке от беремінТеңге мен Рахат ауылында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша еңбек етіп жүрген сарбаздарға арналған тренинг өткізілді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығынан шақырылған мамандар жастарға адам ағзасына зиянды никотин мен спирттік өнімдерді пайдаланғанда түрлі ағза мүшелерінің қандай күйге түсетінін визуалды түрде көрсетті. Зиянды әдеттерді пайдаланудың соңы неге әкеп соқтыратыны туралы кеңінен түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, қалалық «Жас Отан» жастар қанаты мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Есірткісіз болашақ» атты семинар да өткен болатын.

Жетістіктің жеті сыры

«Жетістіктің жеті сыры» тақырыбында «Жасыл ел» жасағының сарбаздарына арнайы тренинг ұйымдастырылды. Тренингті Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Жадыра Шалабаева жүргізді. Болашақтан үлкен үміт күтетін жастарға бұл тренинг мақсатын айқындап, оған жету жолдарын көрсетіп берді. Тіпті болашақта мамандық таңдай алмай жүрген жастар үшін нақты шешімге келу, сүйікті ісіңді қалай бизнеске айналдыру жолдары да айтылды.

Қайырымдылық акция

Жанам деген жүрекке от беремінҚалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қызылсай ауылында «Жасыл ел» еңбек жасағы сарбаздары қайырымдылық шарасын өткізді. Ауылдың тұрғыны, қария Толғанай Бекмағанбетованың үйіне тазалық жұмыстарын жүргізіп, күнделікті қолданатын азық-түлік апарып берді. Жақсылыққа — қайырымдылықпен, мейірімділікке — ізгілікпен, достыққа — адалдықпен жауап беру керек деген ұранды ұстанған жастар игі іс жасады. Сондай-ақ, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері мен «Жасыл ел» жасағының қатысушылары қаланың тұрғыны, көп балалы ана Талшын Әбдиеваның шаңырағына барып, азық-түлік пен балаларға тәттілер сыйлады. Талшын апа 6 баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана. Қайырымдылық акциясы тамыз айында да жалғасын табатын болады.

Футбол жарысы

Жанам деген жүрекке от беремінЖаңаөзендік «Жасыл ел» сарбаздары қала тазалығын сақтап ғана қоймай, салауатты өмір салтын да ұстанады. Жастар арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды. Ойын қатысушылары өздерінің білігі мен дене шынықтыру дайындығын көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша «Сұңқар» командасы бірінші орынға ие болды. Ал, «Жігер» командасы екінші орынды иеленді.

«Жеңіс» жобасы жалғасуда

Жанам деген жүрекке от беремінРеспубликамыздың 22 қаласында «SamrukKazynaTrust» даму қорының жанындағы Ұлттық еріктілер желісімен бірлесіп өтіп жатқан жоба Жаңаөзен қаласында да жалғасын тапты. Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері «Жеңіс» жобасы аясында қалада тұратын 7 тыл ардагерінің хал-жағдайын біліп, азық-түлік жиынтықтарын тапсырды. Аталмыш жобаның негізгі мақсаты: қатары жыл санап сиреп бара жатқан ардагерлерге қамқорлық көрсету. Ардагерлерге құрмет көрсете отырып жастарды отансүйгіштікке баулу — орталықтың басты бағыттарының бірі.

Қымбатты қаланың жастары! «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы және БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) «Жастар — болашақ энергиясы» тақырыбында жастармен онлайн-консультациялар өткізеді. Онлайн-консультациялар жастардың қажеттіліктерін, олардың үкіметтен не күтетінін және оған қатысты қандай көзқараста екенін, жастарға арналған басымдылығы жоғары қызмет түрлерін анықтауға мүмкіндік береді. Қорытынды ақпарат дайындалып, «Қазақстан жастары — 2017» Ұлттық баяндамасында ұсынылады. Сауалнама толығымен құпия, әрі шамамен 20 минут уақытты алады. Сауалнамаға балалар, жасөспірімдер және 29 жасқа толмаған жастар қатыса алады.
Жастар — болашаққа апаратын алтын көпір. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамда өз орнын табуы қажет. Біздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқынымыз, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына, ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Ендігі кезекте біз жастардың ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге көңіл аударуға тиіспіз. Сондай-ақ, қазір әлеуметтік- экономикалық жағдайды жақсартуға, болашақ ұрпақтың қалыптасуы мен жан-жақты дамуына тек арнайы жастар бағдарламалары ғана емес, елімізде іске асырылып жатқан білім берудің, денсаулық сақтаудың, үдемелі индустриялық- инновациялық дамудың ауқымды мемлекеттік бағдарламалары бағытталған. Олардың қатарында «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020», «Бизнестің жол картасы — 2020», «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламалары бар. Елбасы тапсырмасына сәйкес, ауыл жастарына арналған «Дипломмен — ауылға» жобасы да жемісін беруде. «Мемлекеттік жастар саясаты жастарға еліміздің толыққанды азаматы болуға мүмкіндік беруі тиіс» деген болатын Елбасы Н.Назарбаев. Қазір ол іс жүзінде жүзеге асырылып, жастар саясаты ел ертеңін айқындайтын басты бағыт екенін дәлелдеуде.

Гүлсім ОСПАН