«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі А.Айдарбаев төрағаның бірінші орынбасары Халила Нұрғалиеваның басқа қызметке ауысуына байланысты міндетінен босатылғандығын хабарлады.

— Облысымызға танымал тұлғалардың бірі Халила Хабижанқызы үш жылға жуық уақыт партия жұмысына басшылық жасады. Бұл жылдарда біз Президент сайлауын, Республика Парламенті Мәжілісінің депутаттарын және жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауларын өткіздік. Облыс көлемінде өтіп жатқан маңызды қоғамдық-саяси шараларды абыроймен өткізуге Халила Хабижанқызы басқарған «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы зор үлес қосты, — деді Алик Айдарбаев.

Алик Айдарбаев «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалған Нұри Лазарұлы Тумышевты таныстырды.

Нұри Тумышев-1967 жылы Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, мамандығы құрылысшы-инженер. Еңбек жолында лауазымды қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинаған.

— Нұри Лазарұлы Тумышев «Нұр Отан» партиясының өткен жылғы   ХVII съезінде партияның республикалық Саяси кеңесінің мүшесі болып сайланды. Барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында облыстық мәслихаттың депутаты болды, партияның облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросының мүшесі, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция төрағасының орынбасары, — деді өңір басшысы Алик Айдарбаев.

Өз кезегінде Нұри Тумышев төрағаға және партия мүшелеріне сенім білдіргендері үшін алғысын айтты.

Венера МИРЛАН