Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2015 жылдың мамырында ұсынған Бес институционалды реформасының аясында қолданылатын «100 нақты қадам» Ұлт жоспары Қазақстан халқын жарқын болашаққа бастауға кеңінен жол ашады. 2016 жылдың 1- қаңтарынан бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша тәжірибелік кезең басталды.

Жуырда ауыл тұрғындары мен жұмыссыз азаматтарға арналған «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы, «Өрлеу» пилоттық жобасы, Қазақстан Республикасының «зейнетақы жүйесін жаңғырту мен әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы» заңнамаларына енгізілген өзгертулер бойынша жедел мобильді топ құрылып, халықтың әл-ауқатын көтеру, жұмыссыздықпен күресу  үшін ауылдарды аралады. Алғашқы қадамын Онды аулынан бастаған топ құрамында болған  жұмыспен қамту орталығының маманы Қ.Қаналиева : «Жұмыссыздықтың деңгейін барынша төмендету үшін «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт көшелерді аббаттандыру, мектептерді, ауруханаларды ағымдағы және күрделі жөндеу, ауыл жолдарын жөндеу және т.б. инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру арқылы жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуды көздейді. Ал, екінші бағыт 6 млн. теңгеге дейін микрокредиттер беру арқылы азаматтардың жеке ісін ашуға немесе қолда бар бизнесін кеңейтуге бағытталған. Бұл ауылда тұратын жұмыссыз азаматтарға таптырмас мүмкіндік. Себебі, олар мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын дамыту арқылы табыс тауып, жағдайын жақсарта алады. Келесі бағыт, яғни 3-бағыт жұмыс берушілерден мамандарға сұраныс болған жағдайда, жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге көшіру арқылы жұмыспен қамтып, оларға қызметтік баспана немесе жатақханадан бөлме беріледі. Бұдан басқа, аталған бағдарламада жастар практикасы, қоғамдық жұмыс, әлеуметтік жұмыс орындары көзделген. Жастар практикасы 29- ға дейінгі жастарға арналған, олар университетте (колледжде) алған білімдері бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтайды.  Жастар практикасының ұзақтығы алты ай, жалақысы шамамен 20 АЕК» деп, қысқаша тоқталып өтті. «Өрлеу» пилоттық жобасының аудан бойынша маманы А.Қомшабаев шартты ақшалай көмек алуға өтініш берген азаматтың отбасындағы айлық табысы күнкөріс деңгейінен 60 пайызға төмен болса және әлеуметтік келісімнің шарттарын орындауға келіскен жағдайда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне мекен-жайы бойынша өтініш білдіріп, отбасының барлық мүшелерінің жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы тіркелетінін айтты. Сонда ғана арыз иесі өтініш бланкасы мен отбасы және материалдық – тұрмыстық жағдай туралы сауалнаманы ақысыз ала алады. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 18202 тг құрайды.

IMG_0935

Аудандық аурухананың бас дәрігері Ж.Нұрлыбаева міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің халыққа қандай пайдасы болатынын түсіндірді. Егер бүгінде, айталық, кезекте тұрмау үшін немесе сапасына күмәні болғандықтан тегін медициналық қызметтен бас тартқан азамат жекеменшік клиникаға барып, 100 пайыз қызмет құнын өзі төлейді. Ал медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жекеменшік ауруханаға келген адам қалтасынан ақша шығармай, қызмет құнын міндетті сақтандыру қорынан өтейді. Ең бастысы, қордың медициналық мекемелермен келісімі болуы керек. Айта кетейік, медициналық сақтандыру қоры 2017 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істейтін болады, сондықтан жұмыссыздар, қоғамның әлеуметтік белсенді емес топтары тегін медициналық көмекті алу үшін жұмыспен қамту орталығына тіркелу қажет. Сақтандыру пакетіне амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек немесе оны алмастыратын көмек, қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, паллиативтік және мейірбикелік көмек кіреді. Аталмыш пакетті алу құқығына азаматтарға және ел аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ болса да жарнасы төленген  тұлғаларға беріледі. Экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарнаны мемлекет төлейді. Ал жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылары үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін жарна аударады. Ерекше санаттағы азаматтар, яғни, халықтың әлеуметтік әлжуаз тобы үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі орташа айлық еңбекақының 7 пайызын құрайды. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Маңғыстау облысы департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Г.Ұзақбаева: «Қазақстан Республикасында зейнетақы жүйесіне енгізілген жаңғырту туралы» баяндамасында 1998 жылдың 1-ші қаңтарына дейін кем дегенде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтарға республикалық бюджет қаржысынан ынтымақты зейнетақы төленетінін, оның мөлшері табысының мөлшеріне байланысты болатынын жеткізіп, 2018 жылдан бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін көбейту және тиісінше жинақтардың өсімін арттыру үшін, әйелдердің зейнет жасы жыл сайын 6 айға өсіріліп, он жылдың ішінде 58 жастан 63 жасқа ұялғаятынын баяндады.

Әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамалық өзгерістерді түсіндіру үшін Үштаған, Тұщықұдық, Қызан, Ақшымырау ауылдарын аралаған мобильді топтың жұмыс сапары одан әрі жалғаса бермек.

Гүлжайнат ШЫҢДЫБАЕВА