Көліктерін egov.kz порталы арқылы  онлайн тіркеген азаматтар арасында ұтыс ойыны өтеді. Оған 1-31 тамыз аралығында көліктерін тіркеген тұрғындар қатыса алады. Аталған шараны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ұйымдастырып отыр , — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Ұтыс ойынының мақсаты — көлікті қайта тіркету мемлекеттік қызметін электронды форматта алу үрдісін насихаттау.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы баспасөз қызметінің мәліметінше, ұтысқа қатысушылардың тізімі жеке сәйкестендіру нөмірлерінен тұрады. Жеңімпаздар 1 қыркүйек күні сағат 15:00-де мемлекеттік корпорацияның инстаграмдағы @gov4c.kz парақшасында кездейсоқ таңдау арқылы анықталады.

Байқау жеңімпаздарына жаңа дөңгелектерді алуға мүмкіндік беретін сертификат табысталады. Одан бөлек, қатысушылар сақтандыру полисін, көлік жуу орталығына абонемент, бейнетіркеуіш, май ауыстыру, және жанармайдың толық багын ұтып ала алады.

Айта кетейік, автокөлікті қайта тіркеу үшін көлік иелерінің электронды цифрлық қолтаңбасы болуы керек. Жыл басынан бері елімізде 26 мың көлік онлайн тәсілмен рәсімделген болса, Маңғыстау облысында 944 көлік тіркелген екен.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА