трұмов

Биыл Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі  Асқар Мамин ҚР Үкіметінің Қаулысымен 28 маусымды Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні ретінде бекітті. Мәртебесі артқан атаулы мерекеге орай «Ренессанс» қонақ үйінің мәжіліс залында Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін марапаттады.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні – кәсіби журналистердің, ойлы оқырманның және көзіқарақты көрерменнің мерекесі. Төрткүл дүниенің жаңалығынан қалыс қалмай, әлемдегі оқиғалардан дер кезінде хабардар болсақ, бірінші кезекте осы ақпарат саласы қызметкерлерінің арқасы болса керек. Алаштың ардақтысы Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген екен. Журналистер қауымын құрмет-қошеметке бөлеген салтанатты шарада өңір басшысы Серікбай Трұмов республикалық басылымдар мен телеарналар қызметкерлерінен бастап, аймақтағы баспасөз құралдарының өкілдері ел игілігін арттыруға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

«Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері! Қадірлі қаламгер қауым! Ардагерлер! Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Журналист – қоғам сақшысы демекші, біз өздеріңізді төртінші билік өкілі деп білеміз. Сіздер – бұқара халықтың кем-кетігін түгендеп, елдің әл-ахуалы мен тұрмыс-тіршілігін жіті назарда ұстайтын, елдік мәселені елеусіз қалдырмайтын алтын көпір десек артық айтпағандығымыз. Қай қоғамда да журналистер елдегі жаңалықтың басында жүрген әрі қоғамдық ойға түркті бола білген. Ақиқатқа сүйене отырып, әділ әрекет етіп, тек шындықты қолдаған журналист халықтың сүйіктісіне айналары сөзсіз. Осы жерге жиылған барлығыңыз дәл осындай марапатқа лайық деп есептеймін. Халық сіздерге сенеді, сіздерге құлақ асады. Біздің бәріміздің мақсат-мүддеміз бір. Ол – бүгініміз бен кемел келешегіміз үшін аянбай қызмет ету, ел тағдырына алаңдаушылық білдіріп, халыққа шынайы ақпарат жеткізу, рухани құндылықтарға деген құштарлыққа тәрбиелеу.

Астары сан алуан, жаңалығы мың құбылған бүгінгі заманда тілшілік қызметтің маңызы аса зор деп білемін. Қалам ұстап, ақпарат айдынында еңбек ету – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.

Сондықтан да білімі жоғары, ойы терең, өресі биік жан ғана журналистік кәсіптің мінберіне көтеріле алады. Сіздер үлкен істердің ұйытқысы ретінде қалтқысыз еткен еңбектеріңіз үшін зор сый-құрметке лайықсыздар! Көз майын тауысып жазған дүниелеріңіз өңіріміздің дамуына, мәдениет пен өнеріміздің дәріптелуіне үлкен үлесін тигізгені анық. Тіпті, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап, іске асып жатқан жұмыстарды халыққа жеткізу мақсатында журналистер қауымының қосқан үлесі ұшан-теңіз», — деген облыс әкімі өңірдегі баспасөздің дамып-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан журналистика саласының ардагерлеріне көрсетілер құрмет-кошемет ерекше екенін айтты.

Бұл ретте тәуелсіздік алған жылдардан бастап Маңғыстау өңіріндегі баспасөз ісі мен телерадионы дамытуға, еліміздің нығаюына, бүгінгі ұрпаққа бай дәстүрімізді сақтауға аянбай атсалысып, үлес қосқан журналистика саласының Ғани Меңтайұлы, Есберген Іңірбайұлы, Ағлен Таласбаева, Әбілхайыр Спан, Айтуар Өтегенов, Жоламан Бошалақ, Петр Долматов, Темір Мыңжасұлы, Адай Шеркешбайұлы, Асылбек Айдаров, Рза Оңғарбай, Қожа-Ахмет Демеубергенұлы, Мейрамбай Қибасов, Маңдайлы Қосымбай сынды ардагерлерінің еңбектері ерен екені аталып өтті. Жуырда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Ғани Карин «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағының иегері атанды. Сонымен қатар алдыңғы буынның ізін жалғап, жақсылықтың жаршысы болып жүрген қазіргі буын да үздік мамандарға кенде емес. «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Гүлайым Шынтемірқызы Қазақстан Журналистер Одағы премиясының лауреаты атанса, «Маңғыстау» телеарнасының шеф-редакторы Әсем Сартбаева Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы грантының иегері болды.

«Құрметті ақпарат құралдарының өкілдері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Әрдайым шығармашылық табыстың көкжиегінен көрініп, оқырмандарымыздың ыстық ілтипатына бөлене беріңіздер. Қаламыңыздың қанаты құстың қанатынан да жүйрік ұшталып, қарымы қарқынды бола берсін. Ерен еңбектеріңіздің арқасында бағындырған биік белестеріңізбен өздеріңізді шын жүректен құттықтап, ризашылығымды білдіремін!»,- деді Серікбай Трұмов.

Салтанатты шарада облыс әкімі С.Трұмов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Еңбек ардагері» медалімен журналистика саласының майтармандары Жоламан Бошалақ, Маңдайлы Қосымбай, Мейрамбай Қибасов, Темір Мыңжасты, сондай-ақ Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның құрметті журналисі» атағымен Ғани Каринды марапаттады. Ал Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» медалімен «Маңғыстау» облыстық қоғамдық саяси газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының Маңғыстау облыстық филиалы директоры Ғалым Әріп марапатталды. Құрметі биік марапаттарға ие болғандар қатарында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің «Құрмет грамотасымен» облыстық «Огни Мангистау» газетінің бас редакторы Марина Қалағанова, Байланыс және ақпарат саласының дамуына қосқан үлесі үшін Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хатымен «Маңғыстау» газетінің тілшісі Үміт Жәлеке, «Мұнайлы» аудандық газетінің редакторы Диханбай Әбиев, «Маңғыстау-Медиа» ЖШС Дизайн орталығының жетекшісі Әбдіғалым Сәркенов және орталықтың корректоры Қаламқас Сатыбалды, Қазақстан Журналистер одағының Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Сәби Майемеров, «Маңғыстау» газетінің тілшісі Жайық Нағымаш бар.

Журналистика саласының ардагері Жоламан Бошалақ мәртебесі асқан ақпарат құралдары қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін арнады. Ардагер журналист бұқаралық ақпарат құралдары саласының еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық салалардағы өркенді өзгерістердегі алар орны айрықша екеніне тоқталды. «Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні Үкімет қаулысымен жеке мереке ретінде белгілгені бұл саласының салмағын арттырып, мәртебесін көтере түсті. Журналистер халықтың тілі, көзі һәм тілі екені әмбеге аян. Журналистер елмен етене жақын буын, халықпен бірге қуанып, бірге мұңаяды. Облыстағы алғашқы телестудияның іргетасын қалаған азамат ретінде бүгінгі ақпарат саласындағы оң өзгерістер, өңір баспасөзінің аяқ алысы, жастарымыздың қол жеткізген әрбір жетістігі мені қуантады. Баршаларыңызға мереке құтты, ел аман, жұрт тыныш болсын!», — деп тілек білдірді ардагер.

Жайық НАҒЫМАШ
суретті түсірген Саби Майемеров